ТҮРКІСТАНДА БІРНЕШЕ СПОРТТЫҚ НЫСАН БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

0

Елімізде салауатты өмір салтын насихаттау бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Халық саулығын нығайту басты басымдықтардың бірі саналады. Сондықтан елімізде спорт алаңшаларын салу ісі қарқын алған. Бұл ғана емес спорттық инфрақұрылымды да нығайту ісі қарқынды жүзеге асып келеді. Мәселен, Түркістан қаласында бұл бағытта қыруар істер қолға алынған. Бірнеше спорттық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атқарылған істер де басты бақылауда. Осы орайда, бүгінгі материалымызда салынып жатқан спорттық нысандар турасында тарқата баяндамақпыз.

Бүгінде шаһардағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Салынып жатқан ғимараттың құрылысын «Строй Сервис-7» ЖШС жүргізуде. Нысан құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы сыйымдылығы 1000 адамды құрайтын спорт кешенінің аумағы 7248 шаршы метрді құрайды. Тарихи қаладағы Б.Саттарханов көшесінің бойынан бой көтеріп жатқан ғимарат жертөлені қосқанда 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгідегі ғимаратта спорт және жаттығу залдары, 8 киім ауыстыратын бөлме, жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеті, күту залы, қонақтарды күту бөлмесі, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелер бар. Мұнда болашақта Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебі орналасады. Бұл ғана емес, ғимарат пайдалануға берілсе, 76 жаттықтырушы жұмыс істейді. Нәтижесінде спорттың 18 түрі бойынша 1000-ға жуық бала жаттыға алады. Демек мұның өзі жастар арасында бұқаралық спорт пен спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ықпал етпек. Сонымен қатар қазіргі уақытта Түркістандағы «Тurkеstan-Аrena» орталық стадиондағы жұмыстар аяқталып қалды. Нақтырағы, «Star-Stroi» ЖШС спорттық нысандағы футбол алаңына жерасты жылыту жүйесінің құбырларын орнатып бітті. Заманауи талаптар сай келетін әрі соңғы үлгіде жабдықталған стадионның шығыс беткейінде 2 қабатты жылу пункті құрыстырылып, пайдалануға берілді. Ал «Almaty Aksu» ЖШС алаңдағы көгалды суару жүйесінің құбырларын орнатып, құм төсеу жұмыстарын аяқтады. Алаңға қажет көгал тұқымдары да егілген. Оны автоматты жүйе суарады. Сонымен қатар арнайы мамандар бақылауға алып отыр. Қазақстан футбол федерациясының мамандары осы айда инспекциалаудан өткізу жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде стадион алаңы футбол ойынауға толықтай дайын. Алдағы уақытта, нақтырағы, қыркүйекте дәл осы нысанда матч өтеді деп жоспарланып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.

Тарихи шаһарда қазіргі уақытта Теннис орталығы да жұмыс істеп тұр. Орталық басшысының сөзінше, соңғы әрі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ғимаратта келушілерге барлық жағдайлар жасалған. Бұл ғана емес, қызмет сапасын арттыру мақсатында да кешенді шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Мұнда 24 жаттықтырушы 270 баламен тұрақты жаттығулар өткізеді. Бір ерекшелігі, 12 жасқа дейінгі балаларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Нысанда спорттың  үлкен теннис, үстел теннисі және бадминтон сынды үш түрімен айналысуға барлық жағдайлар қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асып жығылады. Ал жер учаскесінің аумағы шамамен 2,5 гектарды құрайды. Жалпы Түркістан қаласында қазына қаржысына салынып жатқан спорттық нысандардан бөлек, инвестор есебінен бой көтеріп жатқан спорттық мекемелер де баршылық. Солардың бірінде құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи кешенде спортшылар мен бапкерлерге барлық жағдайлар жасалған. Екі қабатты ғимарат киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеттері, күту залы, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда арнайы спортшылар үшін қонақ үй қарастырылған. Пара спортшылардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалған. Бүгінде мұнда футбол бойынша жолдастық кездесулер өткізіліп тұрады. Ал жалпы нысанды толық пайдалануға беру қыркүйек айына жоспарланып отыр. Айта кетейік, Түркістан қаласында спорт пен бұқаралық спорттық дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Нәтижесінде түркістандық өрендер түрлі республикалық һәм халықаралық додаларда өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінуде.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ