АЛПАУЫТ ДЕРЖАВАЛАР ТЕКЕТІРЕСТЕ БОЛҒАН КЕЗДЕ, ҚАЗАҚСТАН ӨТЕ МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРА АЛАДЫ — АНТОНИУ ГУТЕРРИШ

0

Астанадағы ШЫҰ саммитінің қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Silk Way-ге берген эксклюзивті сұхбатында аталған саммит пен Қазақстанның осы ұйымдағы рөлі туралы пікірін білдірді.

20 жыл бойы БҰҰ мен ШЫҰ жаһандық диалог және климаттың өзгеруі, орнықты даму, сондай-ақ терроризммен күрес сияқты мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға бағытталған серіктестікті сақтап келеді.

Бұл тұрғыда БҰҰ Бас хатшысы ШЫҰ және БҰҰ сияқты ұйымдар осы мәселелер бойынша жаһандық диалогты ілгерілету үшін не істей алатынын түсіндірді.

«Ең алдымен, қақтығыстардың алдын алуда бірлесіп жұмыс істей аламыз. Яғни қақтығысқа жол бермеуге барынша күш салу керек. Біз терроризмге қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Терроризм әлемнің осы бөлігінде әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасы зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмге қатысты мәселелер бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымымен толық ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын. Екінші жағынан, екі ұйым бейбітшілікке, диалогқа және проблемаларды шешуге ерекше мән беріп отыр», — деді Антониу Гутерриш.

Оның пайымынша, БҰҰ мен ШЫҰ ынтымақтастығы әлемнің түрлі бөліктерін біріктіруге және алпауыт державалар арасындағы текетірестен келетін залалды шектеуге көмектеседі.

«Алпауыт державалар бір-біріне қарсы болған кезде, Қазақстан сияқты елдер өте маңызды рөл атқарады. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ сияқты ұйымдар қақтығыстарды шешуде, халықаралық экономикалық қатынастарда әділеттілік орнатуда, дамушы елдердің мүддесіне орай халықаралық қаржы институттарын реформалау мен адам құқықтары саласында өзінің маңызды үлесін қосады. Адам құқықтары экономикалық, әлеуметтік, мәдени, саяси және азаматтық құқықтарды қамтиды. Бұл мәселелерді баршамыз бірлесе қарастыруымыз керек, яғни қосарланған стандарттарға жол бермеу қажет. Менің ойымша, осы қадамдар адам құқықтары саласындағы прогреске ықпал етеді және түрлі дау-дамайға тосқауыл қояды», — деді БҰҰ Бас хатшысы.

Айта кетейік, бүгін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Шанхай ынтамақтастық ұйымының конференциясына қатысады.


ПІКІР ЖАЗУ