МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР СПАРТАКИАДАДА БАҚ СЫНАСТЫ

0

Бүгінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Оның ауқымы өте кең. Ашып айтсақ, біз сөз еткен шаралар оқушылардан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін қамтыған. Оның ішінде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Жуырда мектеп жанындағы лагерлерде дәл осындай шаралар ұйымдастырылып жатқанын жазған едік. Енді мемлекеттік қызметшілерді қамтыған шара өтті. Тарқата баяндайық…

Күні кеше Түркістан қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында жылдағы дәстүр бойынша спартакиада ұйымдастырылды. Бас-аяғы екі күнге созылған спорттық шара жоғары бәсекемен өтті десек, артық айтқанымыз емес. Биыл жалауы желбіреген байрақты бәсекеге Түркістан облысына қарасты барлық аудан мен қалалардың, қала берді, департаменттер мен басқармалардың қызметшілерінен жасақталған 28 команда қатысты. Нәтижесінде 8 спорт түрі бойынша кімнің жеңімпаз екенін анықтады. Екі күндік шарада жалпы командалық есепте Түлкібас ауданы әкімдігінің құрамасы өзгелерден оза шауып, бірінші орынды иеленді. Бәйдібек ауданы екінші орынды еншілесе, үштікті Отырар ауданының құрамасы түйіндеді. Түлкібас ауданы әкімдігінің құрамасы 8 спорт түрінің 5-еуінен үздік нәтижеге қол жеткізіп, жеке дара топ жарып, облыс чемпионы атанды. Атап айтсақ, командалық есепте қазақша күрес 1-орын, гір тасын көтеру 1-орын, жүзу спорты 2-орын, волейбол 2-орын, үстел теннисінен 3-орынды иеленді. Бұдан бөлек, жарыс қорытындысымен жекелей сында үздік атанып, бас жүлдені иеленген, қазақша күрестен Рысқұлов ауылдық округінің бас маманы Зиабек Диас, жүзу спортынан аудан әкімі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Иманбаев Бақытжан, гір тасын көтеруден аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Әділхан Турақұлов және волейболдан жақсы ойынымен облыс құрамасына еніп, жуырда Ақтөбе қаласында өтетін республика чемпионатына жолдама алды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркістан қаласында салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты насихаттау бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары балалар және спорт алаңшаларымен қамтылуда. Мұның өзі халық арасында бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізіп келе жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ