МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ТАҒЫ БІР ОҚУ ЖЫЛЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгінде елімізде медицина мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Өйткені Қазақстанда денсаулық сақтау саласында мамандар тапшы. Әсіресе, қалалар мен аудандардан шалғайда жатқан елді мекендерде ақ халаттылар жетіспейді. Сондықтан жоғары білікті дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарына деген сұраныс жоғары. Сәйкесінше, елімізде аталған саладағы олқылықтың орнын толтыруға үлес қосып келе жатқан оқу орындары баршылық. Солардың бірі – тарихи қаладан орын тепкен Түркістан жоғары медицина колледжі.
Күні бүгінге дейін мыңдаған орта буын медицина қызметкерлерін даярлап, сапалы маман, білікті кадр даярлаған оқу орнында 26 маусымда медицина қызметкерлері күні мен жыл қорытындысына арналған салтанатты жиын өтті. Оған колледж директоры Ғ.Бимурзаев, дәрігер-оқытушылар және мекеменің өзге де қызметкерлері қатысты. Шара барысында 2023-2024 оқу жылының қорытындысы баяндалды. Мекеме басшысының сөзіне сенсек, оқу орны сапалы мамандарды даярлауда үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Жыл бойы колледж шәкірттері алған білімі мен тәжірибесін іс жүзінде дәлелдеп, бәсі биік бәсекелерде оқу орнының ғана емес, күллі күнгейдің абыройын асқақтатқан. Енді міне, тағы бір буын мекемеден түлеп ұшып, өңірдегі, қала берді, елдегі денсаулық сақтау ісінің әрі қарай ілгерілеуіне ықпал еткелі отыр.
Осы және өзге де жетістіктер сөз болған салтанатты жиын барысында жыл бойы белсенді жұмыс істеген оқытушылар мен топ кураторларына арнайы номинациялар мен сыйақылар табысталды. Оның ішінде «Үздік ЦӘК — 2024» жүлдесін арнайы кәсіптік пәндер бойынша ЦӘК ұжымы иеленді. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің, облыстық «AMANAT» партиясының, қала әкімінің, «DENSAULYQ» кәсіподағының, колледж директорының алғыс хаттарымен тәжірибелі дәрігер-оқытушылар марапатталды. Айта кеткеніміз жөн, қазіргі уақытта мекеме басшылығы қаладағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелерімен екіжақты келісімге келген. Осының негізінде қаладағы білікті де тәжірибелі дәрігерлер оқу орнына келіп, студенттермен білгендерін бөліседі.