ТҮРКІСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕП КЕЛЕДІ

0

Медицинаның маңызын әлем жұртшылығы жаһанды жайлаған пандемиядан кейін айқын ұғып, анық түсінді деген пікірдеміз. Сондықтан ғылым мен медицина саласының арасындағы ынтымақтастық артты. Сапалы маман даярлау ісіне айрықша көңіл бөліне бастады. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасу мүмкіндігі жолға қойылды. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғырып, жаңарып келеді. Елімізде саланың әлеуетін арттыру мақсатында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданды. Нақты жоспарлар мен көрсеткіштер бекітілген аталған құжат негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтқанымыз емес.

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Түркістан қаласы туризммен қатар, медицинасымен де көптің назарына түсіп келе жатыр. Қазіргі уақытта қалада сапалы маман даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орны бар. Оның ішінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі стоматология факультетінің маңызы айрықша. Бүгінде аталған факультетте тіс дәрігерлерін даярлайтын бірнеше кафедра жұмыс істеп жатыр. Қалың оқырманның жадында болса, 2013 жылдың 1 қыркүйегінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Сенаты шешімі негізінде медицина факультетінің құрамында «Стоматология» кафедрасы ашылған болатын. Ал 2016 жылғы 12 қарашадағы Өкілетті Кеңестің 53-ші мәжілісінде университет Сенатының бірінші мәжілісінде қабылданған шешімдер талқыланып, нәтижесінде 2017-2018 оқу жылынан бастап университетте Стоматология факультетін ашуға шешім қабылданды. Осылайша 2017жылдың 1 сәуірінде факультет деканы болып профессор Юксел Түркөз тағайындалды. 2019-2020 оқу жылынан бастап факультет деканы болып Керем Энгин Акпынар тағайындалса, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап факультет деканы болып доцент Хасан Гүндоғар келді. Қош делік, осыншама уақыт ішінде факультеттің беделін биіктету мақсатында қыруар істің атқарылғаны белгілі. Көптеген жаңа технологиялар сатып алынып, сапалы кадр даярлау ісі дами бастады. Қазіргі уақытта біз сөз етіп отырған факультет құрамында 4 негізгі кафедра жұмыс істейді. Олар — Терапиялық және ортопедиялық стоматология кафедрасы, Хирургиялық және балалар жасындағы стоматологиясы кафедрасы, Адам патологиясы кафедрасы және Зертханалық пәндер кафедрасы.

Кафедраларға жекелей тоқталып өтсек, «Адам патологиясы» кафедрасы 2013 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ғылыми Кеңес шешімі негізінде Стоматология факультетінің құрамында ашылды. Бүгінде бұл бөлімшенің міндеті — іргелі және клиникалық пәндер бойынша базалық және жоғары оқу орнынан кейінгі оқытудың бірлігі мен сабақтастығын қамтамасыз етуге, болашақ денсаулық сақтау мамандарын патологияның әртүрлі нысандарының алдын алу және емдеу принциптерін, әдістері мен алгоритмдерін анықтау мақсатында ғылыми негізделген ізденіс жүргізуге үйрету. Өткен жылдан бастап аталған кафедраға магистр, аға оқытушы А.А.Кушкарова басшылық етіп отыр. Қазіргі уақытта кафедра құрамына 15 жоғары білікті профессор, доцент пен оқытушылар кіреді. Оның ішінде 1 медицина ғылымдарының докторы, 3 медицина ғылымдарының кандидаты, 4 медицина магистрі бар. Оқытушылар арасындағы ғылыми дәреже көрсеткіші 20 пайыз шамасында екенін айрықша айта кеткеніміз жөн. Кафедрада «Стоматология» және «Жалпы медицина» факультеттерінің 3 және 5-курс студенттері оқиды. «Патологиялық физиология», «Мүшелер мен жүйелердің патологиялық физиологиясы», «Патологиялық анатомия», «Мүшелер мен жүйелердің патологиялық анатомиясы», «Патология, оның ішінде ауыз қуысының патологиясы», «Сот медицинасы», «Медициналық патология» және «Медициналық практикаға кіріспе» сынды пәндер өтіледі. Университеттің клиникалық-диагностикалық орталығы және Облыстық патологиялық-анатомиялық және сот медициналық сараптама бюросы кафедраның клиникалық базаларының қатарына кіреді.

Терапиялық және ортопедиялық стоматология кафедрасы өз жұмысын 2017-2018 оқу жылында бастаған. Бұл бөлімше болашақ медицина кадрларын даярлауға қажет фундаментальды және клиникалық пәндер бойынша теориялық білім береді. Қазіргі уақытта студенттер мұнда «Тіс морфологиясы және физиологиясы», «Терапиялық стоматологияның негіздері», «Ортопедиялық стоматологияның негіздері», «Стоматологиядағы материалдар құрылымы», «Тісті рестовративті әдіспен емдеу», «Стоматологиядағы материалдар құрылымы», «Алмалы протездеу», «Алынбайтын протездеу», «Пародонтология негіздері», «Кариесология және тістің қатты тіндерінің тіс жегі емес аурулары», «Пародонттың және ауыз қуысының шырышты қабатының аурулары», «Клиникалық эндодонтия негіздері», «Клиникалық ортопедиялық стоматология негіздері», «Эндодонтиядағы заманауи технологиялар», «Клиникалық пародонтология негіздері», «Деонтология және этика» пәндері бойынша білім алып жатыр. Хирургиялық және балалар жасындағы стоматология кафедрасы да сапалы маман даярлау ісіне үлкен үлес қосып келе жатыр. Мұнда арнайы жабдықталған фантом кабинеттерде, клиникалық базаларда «Хирургиялық стоматология», «Балалар стоматологиясы»,«Имплантология», «Жас балалардың жақ-бет хирургиясының ерекшеліктері», «Хирургиялық стоматологиядағы дәлелді медицина», «Стоматологиядағы радиологиялық диагностика», «Хирургиялық стоматология пропедевтикасы», «Стоматология анестезиясы», «Ортодонтия», «Клиникалық ортодонтия», «Ортодонтия және балалар протезі» сынды пәндер оқытылады. Қазіргі уақытта бөлімшеге Эльмира Асанбайқызы жетекшілік етіп отыр. Оқытушылар құрамында 1 медицина ғылымдарының кандидаты, 1 доцент, 1 PhD, 4 аға оқытушы мен магистранттар бар. Ал соңғы Зертханалық пәндер кафедрасы медициналық химия, медициналық биология, медициналық генетика, молекулярлық биология және медициналық генетика, биохимия, медициналық биохимия, ғылыми зерттеулерге кіріспе, зерттеу әдістері сынды бағыттар негізінде сапалы білім береді. Бүгінгідей қоғам өмірі түрлі зиянды тағамдарға шырмалған заманда тіс дәрігерлеріне деген сұраныс жоғары. Тіс дәрігері дегеніміз, қысқаша айтқанда, медициналық түсініктер мен этикалық ережелер аясында адамның ауыз қуысы мен тіс саулығына жауапты мамандар. Бүгінде бірқатар қауіпті аурулардың алдын алу үшін тіс дәрігерлерімен кеңесіп, бағыт-бағдарын ұстанып отырудың маңызы айрықша. Сондықтан да Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрамына кіретін Стоматология факультеті стоматологиялық білімнің нәтижесінде ауыз қуысы мен стоматологиялық денсаулықты адам денсаулығы және жалпы ағза тұрғысынан қарастыра алатын, қазіргі тәсілдерге сәйкес проблемаларды шеше алатын және болашақта дамитын жаңа тәжірибелер мен технологияларға бейімделе алатын қасиеттерге ие стоматологтарды дайындау сынды күрделі де жауапты міндетті желкесіне жүктеп, абыройлы қызмет атқарып келе жатыр. Маман даярлаудың қыр-сыры турасында сұрағанымызда факультет басшылығынан «Факультетімізде оқу 5 жылда аяқталып, осы оқуды аяқтаған стоматологқа үміткерлер 6-шы жылы әртүрлі клиникаларда тәжірибеден өтіп, осы кезеңнің соңында стоматолог атағын алады. 5 жылдық білім беру процесінің 4 және 5 курстарында сарапшы нұсқаушыларының жетекшілігімен факультетте тәжірибелік сабақтарды аяқтау және «Болон» процесіне кіретін басқа университеттермен үйлестіру мақсатында оқу бағдарламасында қайталау зерттеулері жалғасуда. 2017-2018 оқу жылында қабылданған студенттерге арналған курс бағдарламасы бұл бағдарламаның Түркия Республикасындағы «Болон» процесі мен стоматология факультетіне сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін өзгертілді. Осылайша, студенттеріміздің осы процеске қатысушы елдер арасында көлденең және тігінен ауысуы мүмкін болады» деген жауап алдық.Бізге берілген деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта факультет студенттері Түркістан қаласындағы көптеген емханаларда тәжірибелік сынақтардан өтіп жатыр. Бұл жемісті жұмысты жүзеге асыру бойынша оқу орны мен медициналық мекемелер арасында арнайы келісімдер жасалған.

Нәтижесінде студенттер теориялық білімді меңгерумен қатар, оны практикада қолданып, біліктіліктерін шыңдай түседі. Бұл ғана емес, факультет құрылған уақыттан бастап сапалы маман даярлауға қажет құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық база заман талабына сай жасақталып келе жатыр. Қазіргі уақытта студенттердің факультетте білім алып, алған теориялық білімін пациенттерге практикалық тұрғыда қолдануды орындауға және бақылауға мүмкіндік беретін стоматологиялық клиника және студенттердің клиникаға дейінгі зерттеулерді үйрену, сондай-ақ модельдер мен макеттерде қолдану және тәжірибе жасай алулары үшін фантомдық және протездік техникалық зертханалар құрылған. Ең маңыздысы, аталған факультетке оқуға түскен мектеп түлектері қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін терең меңгеріп шығады. Бұл жастардың немесе болашақ кадрлардың халықаралық деңгейде білім алуына, түрлі деректерлі қолдана алуына, шетелде білімін жалғастыруына мүмкіндік береді. Соңғы деректерге сүйенсек, факультетте барлығы 600-ден астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 336 жас тегін білім алса, 280-і ақылы бөлімде мамандықты меңгеріп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ