ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

0

Елімізде халықтың сапалық көрсеткішін арттыру, медицина саласының мүмкіндігін кеңейту және халықтың денсаулығын нығайту мақсатында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған еді. Міне, дәл осы маңызды құжаттың төртінші бағыты саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Сәйкесінше, аталған ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша елімізде ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, қазіргі уақытта көпқабатты үйлердің аулалары мен елді мекендерді балалар ойын алаңшалары және спорт алаңшаларымен қамту жұмыстары қарқын алған.

Бұл ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шаралар да қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Осы орайда, жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқушылардың жазғы гимназиадасы басталғаны турасында тарқата жазған едік. Енді бүгін аталған университетте ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы және оқу ордамыз ұйымдастырған – Қазақстан оқушыларының XII жазғы Гимназиадасы өз мәресіне жетті. Дене шынықтыру мен спортты одан әрі жаппай дамыту, оқушылар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен сайыс жоғары деңгейде өтті. Спорттық додаға Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Қарағанды өңірлерінен келген командалар қатысты. Спортшылар ерлер және қыздар арасында дзюдо мен самбо және белбеу күресі мен волейбол спорт түрлері бойынша өзара сайысқа түсті. Жарыс нәтижесі бойынша жалпы командалық есеппен қыздар арасынан 1-орынды Алматы құрама командасы жеңіп алды. Ал Түркістан спортшылары 2-орынға табан тіреді. 3-орынды Жамбыл өңірінің командасы қанжығаларына байлады. Ұлдар арасынан командалық есепте 1-орынды Түркістан облысының құрамасы иемденді. 2-орынды Жамбыл облысы, ал 3-орынды Алматы облысының спортшылары жеңіп алды. Республикалық кезеңде жеңіске жеткен Түркістан облысының ұлдар командасы Бахрейн әмірлігінде өтетін Дүниежүзілік оқушылар арасындағы гимназиадаға жолдама алды.

Айта кетейік, мұндай шара елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Мұндай спорттық доданың жалауы бұған дейін де бірнеше рет желбіреген болатын. Салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шарада көптеген жас спортшылардың бағы мен бабы қатар шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта мұндай жетістікке жеткен жастар халықаралық деңгейде өтетін бәсі биік бәсекелерде елдің атын қорғап, мерейін үстем етеді. Сондықтан да оқушыларға арналған жазғы гимназиаданы ұйымдастырудың маңызы айрықша. Бастама жас спорт жұлдыздарын танытумен қатар, көптеген оқушыларға бұқаралық спортпен айналысу керегін ұқтырып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Биыл шараны ұйымдастыру сынды жауапты міндет Түркістан облысына, оның ішінде Түркістан қаласына жүктелген еді. Енді міне, тарихи қала маңызы зор жиында абыроймен атқарып, беделі биіктей түсті десек, артық айтқанымыз емес.


ПІКІР ЖАЗУ