МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БҰҰ-НЫҢ ЖОҒАРЫ ӨКІЛДЕР ТОБЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары өкілдер тобымен кездесті.
Мемлекет басшысы осындай ауқымды делегацияның келуі Орталық Азия және одан тыс аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуде БҰҰ-ның рөлін кеңінен талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Өңірлік экологиялық саммит пен тиісті жиындардың күн тәртібін әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы және су ресурстары тапшылығы сияқты жаһандық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестірудің ерекше маңызға ие екенін айтты.
– Қазақстан тиімді әрі көпжақты дипломатияны қолдайды. Геосаяси ахуал күрделеніп, халықаралық жағдай ушығып тұрған осындай кезеңде біз сіздермен кездесіп отырмыз. Бұл мәселелер бойынша кеше жан-жақты баяндадым. Халықаралық қоғамдастық оларды БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында бірлесе шешуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның жаһандық мәселелерді шешудегі әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударып, ұйымның тиімділігі мен беделін арттыруға бағытталған Бас хатшының UN80 бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ делегациясына Қазақстанда әділетті және орнықты мемлекет құруға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.









