МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МАРАПАТТАЛДЫ

0

Жыл сайын елімізде 18 маусымда медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл — халықаралық деңгейде белгіленген атаулы дата. Бұл күні денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне айрықша құрмет көрсетіледі. Жасыратыны жоқ, бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын ақ халаттылардың көмегіне жүгініп жатады. Жыл өткен сайын дәл осы салаға кеңінен көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, жаһанды жайлаған пандемиядан кейін ақ халаттылардың кәсібіне деген құрмет қоғамда айрықша артты.

Дәрігерлердің қызметі мен еңбегіне жараса марапаттау Түркістанда да ұмыт қалған жоқ. Атаулы мереке қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының ұйымдастыруымен, 18-маусым медицина қызметкері күніне орай партияның мәжіліс залында, медицина саласының қызметкерлері «Алғыс хатпен» марапатталды. Іс-шараға «AMANAT»партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев қатысып, марапатталушыларға ізгі лебіздерін білдіріп, «Алғыс хат» табыстады. Сонымен қатар жиын барысында партия мүшелері ақ халаттылардың «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» атты партиялық жобаларының кең ауқымды таралуына, сәтті жұмыс істеуіне мұрындық болып жатқан дәрігерлердің барын айтып, алғыстарын жаудырды.

Күллі қоғамның саулығын сақтау сынды жауапкершілігі жоғары, міндеті маңызды қызметті қалтқысыз атқарып жатқан ақ халаттыларға қанша көңіл бөлінсе де, аз. Өйткені жаһанды жайлаған ауыр індет коронавирус пандемиясы кезінде өзгенің өмірін сақтау үшін қаншама дәрігерлер ғұмырын бәйгеге тікті. Осындай жауапты сәтте қаншама адамның өмірін сақтап қалған дәрігерлердің өзі ажал құшты. Сондықтан да бұл саланың маңызы мен міндеті қашан да айрықша бағаланып келген, бағалана бермек те. Ендеше мереке қарсаңында марапат алып, абырой биігінен көрінген ақ халаттыларды мерекемен құттықтаймыз!

 


ПІКІР ЖАЗУ