ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ МАРАПАТТАЛДЫ

0

Елімізде медицина саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде ел аумағындағы көптеген денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ғана емес, материалдық-техникалық базаны нығайту ісі де ілгерілеп келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру шаралары да қарқын алған. Күні бүгінге дейін жүздеген ақ халатты шетелдің озық клиникаларында тәжірибесін толықтырып қайтты. Осының арқасында өңірлердегі медицинаның мүмкіндігі артты. Бір ғана Түркістан қаласының өзінде бұрындары жасалмаған, салада ауыр деп есептелетін көптеген оталар жасалды. Мұның өзі саладағы серпілісті аңғартады. Қош делік, тәжірибе алмасу мен біліктілікті арттыру шаралары елімізде де жүзеге асып отыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.  

Бүгін еліміздің бас қаласы Астанада «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңы жобасы өтті. Оған Түркістан облысынан медицина саласына қатысты БПҰ төрағалары және медицина саласының үздіктерінен жасақталған делегация қатысты. Нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған 300-ден аса дәрігерлер, медбикелер, оқытушылар, ғалымдар, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылары бас қосты. Диалог алаңының алғашқы жиыны Nazarbayev University медицина мектебінде өтті. «Дәрігер Talks» жобасының ерекшелігі – ақ халаттылар денсаулық сақтау ісін дамыту бойынша өзінің бастан өткен және кәсіпте кездескен түрлі оқиғаларымен бөліседі. Осы орайда, аталған жоба барысында баяндама жасағандардың қатарына Түркістан Орталық қалалық ауруханасының терапия бөлімшесінің меңгерушісі Камагүл Мәдиқызы еніп, білгені және көргенімен бөлісті. Көпшілік алдында баяндама жасады. Жиын барысында қазіргі уақыттағы ел медицинасындағы күрмеуі қатты мәселелерді шешу бағыттары талқыланды. Қоғамның назарын салаға бұруды көздейтін шарада үздік медицина қызметкерлеріне партиялық, сонымен қатар ведомствоаралық наградалар табысталды. Осы орайда, облыстың атынан ауқымды жиынға қатысқан Камагүл Мәдиқызы «Мейірім-жүректен» төсбелгісімен марапатталды.

Мәні мен міндеті зор жоба барысында сөз алған «AMANAT» партиясының Төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов денсаулық сақтау туралы заңға енгізілген жаңашылдықтар мен толықтырулар жайына тоқталып өтті. Айтуынша, маңызды құжатта медицина қызметкерлеріне бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Құқықтарын қорғау бойынша да жұмыстар күшейтіліп отыр. Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекет әрқашан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатынын атап өткен Мәжіліс спикері партияның 70 мыңға жуық мүшесі дәл осы салада қызмет ететініне тоқталды. Бұдан бөлек, өз сөзінде «Мемлекет басшысының ұсынысымен қайтадан «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуі керек деп санаймын. Сол себепті де «AMANAT» партиясы осы «Дәрігер Talks» алаңын ашып отыр. Осы жерде медицина қоғамдастығы депутаттық корпуспен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ашық диалог форматында өзекті мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын айқындай алады. Біздің міндетіміз – әр дәрігердің үнін естірту» деді ол. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта ақ халаттыларға қол жүгіртіп, денсаулығына қасақана зиян келтірушілерді көзіміз көріп жүр. Сондықтан да партия төрағасы мұндай олқылықтарды болдырмау үшін Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу керегін және «AMANAT» партиясының бұл іске бастамашы болып отырғанын жеткізді. Жуық арада жақсы жаңалық болып қалуы бек мүмкін.

Жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да бой көрсетіп, салада атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып өтті. Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020-2023 жылдар аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсті. Мәселен, дәрігерлердің еңбекақысы 3 еседен астам жоғарыласа, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 еседен астам өсті. Бұл дегеніміз – 270 мыңнан астам отандасымыз бен олардың отбасы мүшелері. Бұл ғана емес, шалғайдағы елді мекендердегі ақ халаттылардың тапшылығы түткілін шешу бойынша ауылдық жерге барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да көзделген. Айта кетейік, жиын барысында баяндама жасаған кәсіби мамандардың қатарында Алматы облысы Ұзынағаш ауылының дәрігер-реабилитологы Әсел Саурықова, Қостанай облысының бас балалар хирургі Игорь Белобржицкий, Астана қаласының ЛОР-дәрігері Медет Маханбет, Шығыс Қазақстан облысы Ақжар ауылының травматолог-ортопед дәрігері, PhD докторы Елжан Манарбеков, Көкшетау қаласының фельдшері Гүлназ Бөкеш, «University Medical Center» басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова сынды кәнігі мамандар бар.


ПІКІР ЖАЗУ