МЕДИЦИНА — ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ
Бүгінде медицина саласының өзекті мәселелері аз емес. Оның ішінде әлеумет денсаулық сақтау ісіндегі бастамалар жайын жіті түсінбей жатады. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Клиника-диагностикалық орталық пен «Turkistan» телеарнасы азаматтарға салауатты өмір салтын насихаттау әрі қауіпті дерттердің алдын алу мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын. Осының арқасында қазіргі уақытта ақ халаттылар арна эфирінен шығатын «Шипа» бағдарламасы арқылы қалың көрменге құнды ақпараттар мен керек кеңестер беріп келе жатыр.
Осы орайда, «Шипа» бағдарламасының кезекті 47-шығарылымы «Медицина – ұлт саулығының тірегі» тақырыбында өтті. Оған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Клиника-диагностикалық орталықтың басшысы Мехмет Зия Генчер, аталған мекеме басшысының орынбасары Накипов Хандулла Хайруллаевич, сонымен қатар «Адам морфологиясы және физиологиясы» кафедрасының меңгерушісі, «Арнайы клиникалық пәндер» кафедрасының PhD, аға оқытушысы Жунисова Мира Бақытжанқызы қатысты. Кезекті шығарылым қазан айының бірінші дүйсенбісінде өтетін халықаралық дәрігерлер күніне арналды. Спикердің сөзіне сенсек, бұл күн — әлемдегі ақ халаттылардың ынтымағы мен белсенді іс-қимылын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған атаулы дата. Осы орайда, дәрігерлердің мақсаты – әрбір науқастың жасына, туған жеріне, тұрғылықты орнына, мамандығына қарамастан медициналық көмек көрсету, оның жағдайын түзу, саулығын сақтау. Дәл осы атаулы датаның әлемдік деңгейде аталып өтуіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен «Врачи без границ» халықаралық медициналық гуманитарлық ұйымы мұрындық болды. Бұл ұйымдар қазіргі уақытта жаһанда медицина саласының ілгері басуына, кез келген ел азаматының қажет медициналық көмек алуына себепкер болып отыр. Осы орайда, елімізге ойыссақ, ақ халаттылардың қоғам арасындағы беделі биік деп ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені дәл осы мамандықты саналы ғұмырына серік еткендер қоғамды түрлі ауыр дерттен арашалап отыр. Оның жарқын мысалын жаһанды жайлаған пандемия кезінде айнық түсініп, айқын ұқтық. Міне, осындай қысылтаяң сәтте ақ халаттылар жанын бәйгеге тігіп, мыңдаған науқасты ғылым мен медицинаға бейтаныс болған ауыр вирустан сақтап қалды. Бұл жолда қаза болған дәрігерлер де бар. Сондықтан болар адам жанын аурудан арашалайтын ақ халаттылардың еңбегіне ел риза.
Осы орайда, атаулы дата қарсаңында көрерменге жол тартқан бағдарламада дәрігерлердің міндеті, жұмысы, мамандықты меңгеру жолындағы қиындықтар жайы сөз болды. Сонымен қатар студия қонақтары жұмыс барысында кездесетін түрлі қызықты оқиғаларды сөз етті. Бұл ғана емес, болашақта денсаулық сақтау саласында қызмет етуді қалайтын жастарға құнды кеңестер мен ұсыныстарын да жеткізді. Тікелей эфир барысында телекөрермендер де өздерінің тақырып аясында толғандарған сауалдарын жолдай отырып, білікті дәрігерлер тарапынан жауаптарын алды. 3 сағатқа жоспарланған бұл тікелей эфир барысында мамандар тарапынан толыққанды мәліметтер мен кеңестер, пайдалы бейнероликтер арқылы телекөрермендердің денсаулық сақшылары туралы түсініктерін кеңейте түсті.