БІЛІКТІ КАДР – ТИІМДІ ЖҰМЫС ТЕТІГІ
Денсаулық сақтау саласы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында десек, артық айтқанымыз емес. Бұған дейін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел Президенті «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісім шарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет» деген болатын.
Техника күн сайын қарыштап дамып, заман сәт сайын түрленіп тұрған уақытта денсаулық сақтау ісін ілгерілетудің маңызы айрықша. Өйткені ғылым мен медицинаға беймәлім болған вирустар көбейіп келеді. Мұнымен күресте қоғам білікті де білімді, тәжірибелі де талантты дәрігерлерге мұқтаж. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде медицина қызметкерлерін даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының бары белгілі. Осы орайда, бүгінгі материалымызда қасиетті де киелі шаһар Түркістаннан орын тепкен Түркістан жоғары медицина колледжі турасында, онда берілетін білім мен мамандықтар жайында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз. Бүгінде біз сөз етіп отырған мекеме республикадағы тарихы тереңнен бастау алатын орта кәсіптік оқу орындарының қатарына жатады. Колледждің өткені тарихи қаланың мәдени және әлеуметтік өмірінде елеулі рөл атқарады десек, артық айтқанымыз емес. Қала берді, күллі күнгейдің дамуымен де тыныс-тіршілігі тікелей байланысты. Қала өткеніне көз жүгіртсек, оқу орны Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1953 жылғы 13 қазандағы жарлығы негізінде Түркістан қаласынан 60 адамды оқытатын фельдшерлік мектеп болып ашылады. Араға жыл салып бұл мектеп сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір медицина училищесінің Түркістандағы филиалы ретінде жұмысын жалғастырады. Міне, сонда жұмысын жаңа бастаған орталық тізгінін Балтабай Алдабергенов өз қолына алып, мекемені басқарады. Бұл таңдау тегіннен тегін емес еді. Өйткені біз сөз етіп отырған азамат — 1906 жылы IV Ресей мемлекеттік думасына Сырдария облысынан депутат болып сайланған Тілеулі Алдабергеновтың ұлы болатын. Тектінің тәлімін алып, талантын санасына сіңірген қарымды азамат осылайша мекемеде маман даярлаудың Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына септесетінін айқын аңғарып, жемісті нәтижелерге жету жолында қажырлы қайраты мен еселі еңбегін көрсетеді. 1956-1958 жылдар аралығында орталықты Сейілбек Алагөзов басқарды. Осы орайда, түрлі белгілі де белгісіз себептермен мекеме жұмысын жүргізуге тосқауыл қойылып, уақытша жабылған сәттер де орын алды. Мәселен, 1958 жылы беймәлім себептермен филиал жұмысын тоқтатып, орнына «Қызыл крест» қоғамының мектебі құрылады. Десе де саланың маңызы мен міндеті уақыт өткен сайын біліне бастаған болуы керек, 1963 жылы Леңгір медицина училищесінің Түркістандағы филиалы болып қайтадан ашылып, оқу орнын Любовь Яковлевна Шалаева басқарды. Дегенмен бұл уақытта бұл бөлімше тек мейірбике мамандарын ғана даярлайтын еді. Арада 2 жыл өткенде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жарлығы негізінде филиал жұмысын тоқтатып, мекеме өз алдына дербес Түркістан медицина училищесі болып құрылады. Дәл осы уақытта әлі де болса шешілмеген көптеген түйткілді түйіндер бар болатын. Атап айтқанда, оқу орнына қажет ғимарат та, жиһаздар да, оқулықтар мен көрнекі құралдар да болған емес. Әйткенмен сол уақыттағы білікті кадрлардың арқасында мекеменің жұмысын жүргізу үшін қажет материалдық-техникалық базамен қамту бойынша түрлі деңгейде келіссөздер өткізілді. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар жинақталып, жұмыс басталып кетті. Ескі ғимарат жөнделіп, оған қосымша кітапхана және 2 оқу бөлмесі салынды. Түркістан медицина училищесінде 1965-1985 жылдар ішінде фельдшер, акушер және мейірбике мамандарын даярлайтын бөлімдер жұмыс істеді. Бұрынғы филиалда білім алып жүрген студенттер өз білімдерін осы училищеде жалғастырды. Р.Я.Яхяевтың басшылығы негізінде медицина училищесінің жаңа оқу ғимараты, жатақхана, спорт залы, жылыжай, бассейн және өзге де құрылыстар салынып, оқу орнының кешенді материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Ал 1985 жылы Түркістан медицина училищесіне Әбдіханов Қалихан Өтешұлы ауысу тәртібі негізінде басшы болып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алып, елде тоқырау болып жатқан тұста мекеме ұжымының қаржы еңбегінің арқасында колледж кезекті сынақтан аман-есен өтеді. Сөйтіп 1993 жылы колледж статусына ие болады. Осылайша Түркістан медицина колледжі ретінде жұмысын жемісті жалғастыра береді. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі В.Н.Девятконың бұйрығы негізінде медициналық колледж директорлығына медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалхаров тағайындалады. Оның бастамасымен 1994-1998 жылдар арылығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында алғаш рет медицина мамандарын көпсатылы деңгейде «колледж-вуз» жүйесі бойынша даярлау аппробациясы жүргізіліп, оның нәтижесінде медицина колледждері бітірушілерін жеделдетілген курс бойынша оқыту Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына енгізілді. Нәтижесінде ««Колледж–ВУЗ» оқу бағдарламасының енгізілуіне байланысты оқу процесінің өз деңгейінде жүргізілуіне орай колледж директоры С.Ш.Шалхаровтың бұйрығыменен мына кафедралар құрылды. Олар — Омаралиев Исрафил Омарәліұлы жетекшілік ететін Морфология кафедрасы, профессор, техника ғылымдарының докторы Ақбасова Аманкүл Жаханқызы басқаратын Химия, физика және жалпы қоғамдық пәндер кафедрасы, доцент Байтұрсынов Қожахмет Құлахметұлы басқаратын Жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасы, химия ғылымдарының кандидаты Юсупов Абдурайм Халилұлы жетекшілік ететін Фармация, фармакология және биохимия кафедрасы, Божбанбаев Марат Жолдасұлы басқаратын Дене тәрбиесі кафедарсы, Мухамбетов Құланәлі Дарбозұлы жетекшілік ететін Терапия кафедрасы, аға оқытушы Рахашев Құрманғали Рахашұлы басқаратын Хирургия кафедрасы, аға оқытушы Рысбеков Қыдырәлі Оспанұлы жетекшілік ететін Педиатрия, акушерство және гинекология кафедрасы, аға оқытушы Исаханов Аззамжан Халметұлы басқаратын Жұқпалы аурулар және арнайы медициналық пәндер кафедрасы, аға оқытушы Бодрова Светлана Алексеевна жетекшілік ететін Гигиена және мейрбике ісі негіздері кафедрасы. Заман бір орында тұрмайды. Уақыт өткен сайын белгілі бір мамандықтарға сұраныс артып, еңбек нарығына қажет бағыттардың қатары арта түседі. Сондықтан да 1999-2000 оқу жылынан бастап мекемеде «Лабораториялық диагностика», «Фармация», «Стоматология» мамандарын даярлау бөлімдері ашылады. Бүгінде колледж уақыт талабына сай жаңғырып, жаңарып келе жатқан оқу орындарының бірі саналады.
Бүгінде мекемеде 300-ден астам білікті маман студенттерге тәлім-тәрбие беріп жатыр. Колледжде 4 «Денсаулық сақтау ісінің үздіктері», 6 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді. Мекеменің материалдық-техникалық базасы мен жеткен жетістіктері турасында сұрағанымызда «Білім алушылар үшін соңғы үлгіде жабдықталған, озық технологиялармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері даярланды. Колледжде 5 қабатты оқу ғимараты, 4 қабатты жатақхана, 105 оқу лабораториялары мен пән бөлмелері, 10 дәріс залы, спорт кешені, бассейн, кітапхана, 3 оқу залы, 5 компьютер класы, 20 интерактивті тақтамен жабдықталған дәріс бөлмелері, «ЛАМАЗ» мектебі, клиникаға дейінгі бөлмелер, қалыпты және патологиялық анатомия мұражайы, фитобар, фитоогород, оқу дәріханасы, стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Колледжде дәріс барысында соңғы үлгідегі ақпараттық және инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 2009 және 2011 жылдары қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түрлі номинациялар сайысының қорытындысы бойынша Түркістан медицина колледжі «Жылдың ең үздік колледжі» номинациясына ие болды» деген жауап алдық. Қош делік, қарап отырсақ, тарихы тереңнен бастау алатын медициналық колледж түрлі белестерді бағындырып, бүгінге жетіпті. Жеткен жетістіктері де бір төбе. Қазіргі уақытта бірнеше мамандық бойынша сапалы кадр даярлау ісіне үздіксіз үлес қосуда. Мекеме 1998 жылы «Дантист» біліктілігі бойынша «Стоматология» мамандығы студенттерін даярлауға лицензия алған болатын. Бүгінде бұл мемлекеттік оқу мекемесі заманауи материалдық-техникалық базамен, көпжылдық тарихи дәстүрімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда колледж өзінің стоматологиялық оқу-өндірістік базасы, жоғары мамандырылған оқытушылар құрамымен оқытудың жаңа технологияларын енгізу арқылы сапалы білім беруді қамтамасыз етіп келеді. Ашық дереккөздердегі ақпараттарда бөлімнің артықшылығы турасыеда «Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда медициналық білім беру саласында және дуальді оқыту принциптеріне негізделген. Білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда колледжде білім алушылар контингентіне сай келетін заманауи материалдық-техникалық база, жүйелік, акпараттық дамыған компьютерлік инфрақұрылым, жоғары білікті оқытушылар құрамы, оқу процесіндегі халықаралық әдістер, бай оқу материалдық база, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестендіріп «Тіс пен ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды емдеу» пәнінен электронды оқу құралын, «Тіс пен ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды емдеу», «Тіс хирургиясы және бет жақ жарақаттары» оқу-әдістемелік құралын дайындап, «Қазақстан медицина колледждерінің үздік оқу-әдістемелік әдебиеті» Республикалық байқауында құрастырылған оқу құралдары мен электронды оқулықтардың барлық түрінен жүлделі ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды» деген дерекке көзіміз түсті. Демек бәсі биік бәсеке заманында сапалы кадр даярлау сынды маңызы зор міндетті кафедра қалтқысыз атқарып келеді.