ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС ЖҮРГІЗГЕНДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан жүргізілген бақылау шаралары барысында Еңбекші ауданы, Тоғыс тұрғын алабында заңсыз құрылыс нысаны анықталды.
Анықталғандай, меншік иесі құрылыс-монтаждау жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамастан жүргізген. Атап айтқанда, нысан жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ уәкілетті органға құрылыс басталғаны жөнінде хабарлама берместен салынған.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң нормаларына сәйкес, мұндай заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осыған сәйкес меншік иесіне 900 000 (тоғыз жүз мың) теңгеден астам көлемде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, жер телімінің шекарасынан тыс аумаққа салынған құрылыс бөлігі меншік иесінің өз күшімен бұзылды.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы барлық азаматтарды құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде сәулет-қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жобалау құжаттамасынсыз, техникалық және авторлық қадағалаусыз, сондай-ақ тиісті рұқсаттарсыз басталған құрылыс нысандары заңсыз болып саналады және бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
Құрылыс тәртібін сақтамау ірі көлемдегі айыппұл салуға, сонымен қатар нысанды мәжбүрлеп бұзу шараларына әкелуі мүмкін.
Мемлекеттік бақылау іс-шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.