ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ – ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ БЕЛГІСІ

Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған шаралар ерекше қарқын алуда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – бұл бастамалардың жарқын көрінісі. Акция аясында еліміздің түкпір-түкпірінде сенбіліктер мен түрлі экологиялық шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі – Түркістан қаласында ұйымдастырылған жалпы қалалық сенбілік.
Түркістан қаласында өткен сенбілік – бұл жай ғана тазалық жұмыстары емес, бұл – қала тұрғындарын табиғатты аялауға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікке баулитын тәрбиелік мәні зор іс-шара. Ауқымды тазалық шарасы қаланың көркеюіне үлес қосумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. «Таза қала – ортақ міндет» атты флешмобпен бастау алған сенбілікке әртүрлі деңгейдегі мекемелер мен ұйымдар, соның ішінде қала әкімдігіне қарасты бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мекемелер, кәсіпорындар, жеке серіктестіктер және облыстық басқармалар белсенді қатысып, барлығы 1000-ға жуық адам жұмылдырылды. Бұл көрсеткіш – жергілікті билік пен қоғам арасындағы экологиялық серіктестіктің нақты дәлелі. Қала көшелері мен тарихи орындар – Түркістанның мәдени келбеті мен рухани болмысының айнасы. Осы тұрғыда Гауһар ана мен Бала би кесенелері маңында, сондай-ақ Б.Майлин, А.Жангелдин, О.Жандосов көшелеріндегі тазалық жұмыстарының жүргізілуі – символикалық мәнге ие. Бұл жерлер – туристік әлеуеті жоғары нысандар. Демек, олардың таза әрі тартымды болуы тек тұрғындар үшін ғана емес, қаланың халықаралық имиджі үшін де маңызды. Сенбілік барысында 6 арнайы техника жұмылдырылып, шөптер шабылды, аяқжолдар сыпырылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Жалпы, 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, қала аймағының белгілі бір бөлігі толықтай тазартылды. Мұндай нәтижелер тазалық шарасының тиімді ұйымдастырылғанын көрсетеді. Бірақ бұл бір реттік шара ғана болмауы керек.
Экология мәселесін бір күндік сенбілікпен шешу мүмкін емес. Сондықтан мұндай шаралар тұрақты сипат алуы тиіс. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру – басты міндет. Бұл тұрғыда экологиялық білім беру, қоғамдық мониторинг, жасыл аймақтарды көбейту, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау сияқты бастамалармен ұштастыру қажет. Түркістан – тек облыс орталығы емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани астанасы. Сондықтан бұл қаладағы тазалық пен тәртіп – бүкіл еліміздің экологиялық және мәдени деңгейінің көрінісі. Бүгінгі сенбілік – соның бір көрінісі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілік Түркістан қаласында экологиялық мәдениетті насихаттаудың, қоғамдық белсенділікті арттырудың жарқын мысалы болды. Бұл бастама қала тұрғындарына қоршаған ортаның маңыздылығын тағы бір еске салып, әрбір адамның табиғатқа деген жауапкершілігін ұғынуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы – таза әрі жайлы өмір сүру ортасын құрудың кепілі болмақ.