ТҮРКІСТАН ІШІМДІКСІЗ ҚАЛА БОЛА МА?

0

Түркістанда арақ-шарап сатуға тыйым салу қажет. Мәжілісте қаланың ерекше мәртебесі туралы заң жобасын қараған депутаттар осындай ұсыныс жасады. Құжатта тарихи ғимараттарды сақтай отырып жаңа құрылыстарды реттеуге және туризмді дамытуға басымдық берілген. «Мұндай құтты мекенде ішімдікке болмағаны жөн»,- дейді мәжілісмендер. Оның үстіне Түркістаннан жаңа халқаралық әуе рейстерін ашу жоспарлануда.

Бүгін Мәжілісте 5 тақырып қаралды. Ішіндегі мысы басымы — Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы. Оның қала ретінде қалыптасқанына 1500 жылдан асыпты. Құжатта оның жаңа тынысын ашу, даму бағыты айқындалған. Қазір бұл қалада ірілі-ұсақты 400 астам тарихи ескерткіш бар екен. Енді соларға жақын жерден салынатын жаңа нысандардың биіктігі 7 метрден аспауы қажет. Ал түсі мен құрылыс материалы бойынша ежелгі ғимараттарға сәйкес болуы тиіс. Депутат Ардақ Назаров осы заң аясында қалада ішідік сатуға және ішуге тыйым салуды ұсынды.

Ардақ Назаров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Түркістанды рухани Астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Сондықтан осы заң аясында арақсыз қала, рухани қала деп, араққа тыйым салуға бола ма?

Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

– Түркістанның негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар туристік басымдық та бар. Сол себепті бизнес өкілдерінің тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасын қабылдап жатқаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз.

Түркістанға ерекше мәртебе беріледі

Заң жобасы жарты жылдан астам уақыт дайындалыпты. Десе де әлі мазмұнында кемшіліктер бар. Мәселен, кей нормалары жер кодексінің баптарымен қайшы келетіні белгілі болды. Сонымен бірге құжатта «озыңқы күтім», «нысандардың киелілігін сақтау» деген түсініксіз ұғымдар кездеседі. Бұдан басқа да сын айтылды.

Ринат Зайытов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Түркістанның өз елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде елтаңба біреу-ақ Қазақстанда! Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап берсеңіз.

Нұрлан Байбазаров, ҚР вице-премьері:

– Елтаңба деген жоқ. Бұл жерде нышан деген бар. Ол қаланың эмблемасы сондай. Егер сөздерді ауыстыру қажет болса, біз дайынбыз.

Басқа да ұсыныстар айтылды. Мәселен, инклюзивті туризм яғни мүмкіндігі шектеулі саяхатшыларға жағдай жасау. Қазір Түркістанға жылына 1,5 млн турист барады екен. Аймақты дамыту арқылы бұл көрсеткішті 2 млнға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін алдағы уақытта жаңа халықаралық әуе рейстері ашылмақ.

Депутаттар сондай-ақ Түркістанды дамыту үшін Өзбекстанмен байланысымызды нығайта түсу қажет деп санайды. Осы арқылы олардағы Самарқанд, Бухара сияқты тарихи қалаларға келетін шетелдік туристерді бізге де тартуға мүмкіндік туады.


ПІКІР ЖАЗУ