2025 жылдың 9-11 сәуір аралығында Маңғыстау облысынан арнайы жасақталған делегация, ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында, Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, тағылымдамадан өтті.

Бұл іс-сапардың негізгі мақсаты – Түркістан өңірінің өнеркәсіп және туризм салаларындағы озық тәжірибелерімен тереңірек танысып, сол бағыттар бойынша тиімді идеялар мен жұмыс тәсілдерін меңгеру.

Тағылымдама барысында делегация мүшелері Түркістан облысының түрлі ауылдық округтеріне барып, жергілікті әкімдермен және сала мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмасты.

Сапар аясында Түркістан облысының Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтары, шағын өндірістік парк аумағы жұмыстарымен танысып, өңірдің ірі кәсіпорындары, өнеркәсіп саласының флагмандары «BNK group» ЖШС, «Aqniet Holding» ЖШС, «Borte milka» ЖШС, «JNray» ЖШС, «Borte engineering» ЖШС зауыттарында болып қайтты.

Өңірдің туристтік әлеуетімен таныстыру мақсатында, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы, «Сарыағаш» санаторий кешені, Көлкент және Балықты демалыс аймақтары жұмысымен таныстыру маршруты ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, оларға аймақтың аграрлық жобалары («Gen Group Kazakhstan» ЖШС банан өсіру жылыжайы), балық өсіру технологиялары (АШӨК «Хамит») және суармалы егіншілікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды. Бұл тағылымдама ауылдық деңгейдегі басқару сапасын арттырып, аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға өзіндік үлесін қосты.