ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЯССЫ СЕКТОРЫНДА ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тұрғындармен кезекті есептік кездесулері қаладағы 6 сектор бойынша жалғасуда. Кезекті кездесу Яссы секторында өтті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды. Сондай-ақ, алдағы кезеңге жоспарланған жобалармен таныстырып, өңірдің даму бағыты жайлы баяндама жасады.
Жергілікті тұрғындар тарапынан бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, кәріз жүйелерінің жағдайы, жол сапасы, қоғамдық көлік қатынасы, көше жарықтандыруы және интернеттің қолжетімділігі сияқты мәселелер кеңінен қозғалды. Қала әкімі тұрғындар сауалдарына заң шеңберінде нақты жауап беріп, кейбір проблемаларды сол сәтте шешіп берсе, қалғанына жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Жалпы алғанда, кездесуде Яссы секторы тұрғындары 20 мәселе көтерді. Оның ішінде 7 мәселе нақты шешімін тапты, ал қалған 13 мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде Түркістан қаласының даму қарқынына назар аударып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындардың белсенділігі мен ұсыныстары қаланың өркендеуіне маңызды үлес қосатынын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында қала әкімі мен сала жетекшілері азаматтарды жеке қабылдап, олардың жеке өтініштері мен арыз-шағымдарын тыңдады. Шаһар басшысы тұрғындарды қаланың тазалығы мен қауіпсіздігін бірге қамтамасыз етуге шақырып, әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласуы маңызды екенін жеткізді.