ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА 348 ПӘТЕР ӨЗ ИЕСІН ТАПТЫ

0

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жалғасуда. Биылғы жылы қалада жалпы 944 пәтерді қамтитын 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 348 пәтер өз иелеріне табысталды.

Тұрғын үй мәселесі бойынша Түркістан қаласында кезекте тұрған азаматтар саны — 17 058. Олардың ішінде 6 487 адам — әлеуметтік әлсіз топ өкілдері, 5 185 — көпбалалы отбасылар, 181 — ата-анасынан айырылған тұл жетімдер санатындағы азаматтар, 5 203 — бюджеттік ұйым қызметкерлері, 2 отбасы — апатты үйде тұруына байланысты кезекке тіркелген. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегеновтың мәлімдеуінше, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй кезегіне тұру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа заңға сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмаған азаматтар санатына қарамастан үй кезегіне тұра алады. Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспаналарды жекешелендіру ережелеріне де жаңашылдықтар енгізіліп, кейбір санаттағы азаматтар өздері тұрып жатқан пәтерді өтеусіз меншігіне рәсімдеу мүмкіндігіне ие болады.

Баспана мәселесін шешудің тағы бір жолы — несие жүйесі арқылы берілетін тұрғын үйлер. Бұл бағытта 2025 жылы «Отбасы банк» арқылы жалпы 2 082 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев мәлімдеді. Бүгінде банк арқылы сатылымға ұсынылып отырған пәтерлердің бағасы 1 016 пәтер үшін — 1 шаршы метрі 180 000 теңге, 1 066 пәтер үшін — 1 шаршы метрі 220 000 теңге көлемінде белгіленген. Аталған пәтерлерге өтініштер Түркістан облысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған «Отбасы банк» салымшыларынан қабылданатын болады. Қала басшылығы мен жауапты мекемелер тұрғын үймен қамтуды одан әрі жақсартып, тұрғындар үшін баспаналы болудың қолжетімді жолдарын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.


ПІКІР ЖАЗУ