ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАНША ҚАРЖЫ ҚАЙТАРУЫ ТИІС

0

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі екінші деңгейлі банктердің балансында қанша мемлекеттік қаражат барын мәлім етті.

Мәліметке сай, 2023 жылдан 2025 жылдың мамырына дейін төрт банк жалпы сомасы 409,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын ішінара қайтарды, соның ішінде:

  • «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мемлекетке 250 млрд теңге көлемінде қаржыны қайтарды (оның 68,4 млрд теңгесі 2023 жылы және 181,6 млрд теңгесі 2024 жылы);
  • «Jusan Bank» АҚ 2024 жылы «Самұрық-Қазынадан» шығарылған 100 млрд теңге көлеміндегі субординациялық облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды;
  • «Bank RBK» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ жалпы сомасы 59,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты ішінара мерзімінен бұрын қайтарды (оның ішінде Bank RBK — 29,6 млрд теңге және БЦК – 30 млрд теңге).

Қазіргі уақытта бес банктің балансында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сауықтыру мақсатында берілген 1,4 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қаражат бар. Олар:

  • «Банк ЦентрКредит» АҚ — 30 млрд теңге;
  • «Еуразиялық банк» АҚ — 150 млрд теңге;
  • «Bank RBK» АҚ — 214,1 млрд теңге;
  • «Jusan Bank» АҚ — 1 000,2 млрд теңге;
  • «Nurbank» АҚ — 46,8 млрд теңге.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Jusan Bank-ке ребрендинг жасалып, Alatau City Bank деп аталады.

Банктің баспасөз қызметі атау өзгерісі мемлекет алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін растады.

Сондай-ақ агенттіктен атап өткендей, мемлекеттік қолдау аясында бөлінген қаражат банктермен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес қайтарылады.

 


ПІКІР ЖАЗУ