АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ МӘДЕНИЕТ ПЕН БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕТІНІН АЙТТЫ

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен әзірленген мәдениет пен білім саласына қатысты заң жобасы екінші оқылымға шығады.
Депутат бұл құжат қандай маңызды мәселелерді шешетінін түсіндіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
Талантты оқушыларды қолдау
Енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары 6 млн теңгеге дейін сыйақы алады. Оларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы төлем беріледі. Өткен жылы жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен ЖОО-ға түсу құқығы берілсе, бұл шара – сол қолдаудың жалғасы.
Білім ұйымдарына есім беру тәртібі
Енді жекеменшік мектептер белгілі тұлғалардың атын өз бетінше бере алмайды. Ол үшін ономастикалық комиссияның ресми келісімі қажет болады.
Университеттерді қаржыландыру
ЖОО қаржыландыруы студент санына емес, сапа көрсеткіштеріне байланысты болады. Бұл бәсекелестікті арттырып, оқу бағдарламаларын жақсартуға жол ашады.
Міндетті өтеуден босату
Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер грантты өтемеден босатылады. Ал шетелде оқуын жалғастырып жүргендерге (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі.
Балабақшаларды қорғау
Мемлекеттік балабақшаға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Олар сауда орталығына айналмайды, жеке меншікке берілмейді. Сонымен бірге, енді балалар 6 жасқа қыста толса да, жазға дейін балабақшада қала алады. Бұрын қаңтарда 6-ға толған балаларды бірден шығарып тастайтын жағдайлар жиі кездесетін. Ол ата-аналарға үлкен қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе шешілмек.









