ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ҚАРАЛУДА

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы елдегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, азаматтар мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл бастама аясында өңірлерде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдау тәжірибесі қалыптасты. Түркістан облысында да осы қағиданы басшылыққа ала отырып, азаматтарды жеке қабылдау жүйесі тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың жетекшілігімен азаматтарды жеке қабылдау өткізілді. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді ашық жеткізді. Олардың қатарында баспанаға мұқтаждық, жолдардың сапасы, ауызсу, электр желісі мен газ тарту мәселелері бар. Кездесу барысында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар түркістандық азаматша тұрғын үй кезегіне тұруға қатысты қиындықпен бөлісті. Белгілі болғандай, оның атына Қызылорда облысында үй тіркелгендіктен, өтініші қабылданбаған. Алайда азаматша бұл үйді 2021 жылы сыйға тартқан. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол тек 2026 жылдың сәуірінен кейін ғана кезекке тұра алады. Осы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары тиісті органдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескеруді тапсырды. Түркістан қаласында мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2025 жылы қалада 11 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, 944 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 432 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасылар бар. Барлық пәтерлер «Отбасы банкінің» электрондық жүйесі арқылы кезек тәртібімен үлестіріледі. Бұл тәсіл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласының тағы бір тұрғыны Қазыбек би көшесіндегі жарық бағаналарының тозығы жеткенін айтып, жаңартуды сұрады. Әкімдік өкілдері бұл өтініштің ескерусіз қалмайтынын атап өтті. 2026 жылға арналған жоба аясында аталмыш көшедегі жарық желілері толықтай жаңартылып, СИП жүйесіне ауыстырылатын болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл жұмыс қала инфрақұрылымының сапасын арттыруға елеулі үлес қосады. Кездесуде жол сапасы да маңызды тақырыптардың бірі болды. Сайрам ауданының тұрғыны Көлкент пен Арыс ауылдарының арасындағы жолдың жағдайына шағымданды. Аталған бағыттағы KXSR-4 «Қожақорған-Ханқорған-Көлкент» жолы көп жылдан бері жөндеу көрмеген. 2024 жылы жолды жөндеу жобасы әзірленіп, тиісті сараптамадан өтті. Құрылысты «ATSkom.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоспар бойынша нысан 2026 жылы толық аяқталады. Бұл бағытта жасалған жұмыстар ауыл тұрғындарының қатынау мүмкіндігін жақсартып, экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сауран ауданының азаматтары да өз мәселелерін ортаға салды. Қаратөбе ауылында жол мен ауызсу тапшылығы — өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда ауылда бар болғаны 93 тұрғын өмір сүреді. Тұрғындар ауыз суды жеке ұңғымалар арқылы пайдаланады. Елді мекеннің ресми мәртебесі болмағандықтан, ірі инженерлік жөндеу жұмыстары әзірге жүргізілмейді. Дегенмен, 2024 жылы ауыл халқының өтініші негізінде Шайых көшесіне жөндеу жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта ауылға ресми мәртебе берілген соң, ауызсу мен жол құрылысы бойынша арнайы жобалар дайындалып, іске асырылады.

Зұлпыхар Сансызбайұлы кездесуде көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Ол жауапты сала басшыларына тұрғындардың мәселелерін мұқият зерттеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, атқарылатын жұмыстардың орындалу барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді. Бұл кездесулер – билік пен халық арасындағы тікелей байланыс алаңы. Мұндай ашық диалог қоғамдағы әлеуметтік ахуалды жақсартып қана қоймай, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Түркістан облысында қолға алынған бұл тәжірибе еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болары сөзсіз. Президент Тоқаев атап өткендей, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл тек ұран емес, нақты іске негізделген жүйелі саясат. Түркістан өңірінде осы тұжырымдаманың өміршеңдігі айқын көрініс табуда. Азаматтардың әр өтінішіне көңіл бөлініп, шешімін табу жолдары қарастырылып келеді. Бұл – ел мен жердің игілігі үшін жасалып жатқан ортақ еңбек.


ПІКІР ЖАЗУ