ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ШЕШІМІН ТАБУДА

Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында соңғы жылдары бірқатар нақты істер атқарылуда. Бұл – аудан халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған мақсатты жұмыстардың нәтижесі. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов тұрғындармен өткізген кезекті кездесуінде осы бағыттағы жұмыстардың барысын баяндап, алдыңғы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы жан-жақты есеп берді.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Мұрат Құрбанов, тиісті бөлім басшылары мен сала мамандары, сондай-ақ округ тұрғындары қатысты. Шара барысында тұрғындар өз ауылындағы өзекті мәселелерді талқылап, атқарылған жұмыстардың нәтижесін өз көздерімен көрді. Аудан басшысы сөзін Қазыбек би ауылдық округінің әлеуметтік ахуалы мен экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталудан бастады. Серік Үсенұлының айтуынша, биылғы жылы Алғабас және Таубай ата елді мекендерін таза ауыз сумен қамту мақсатында ұңғыма бұрғылау жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджет есебінен 102 миллион теңге бөлінген. Ал Құрбан ата ауылындағы ауыз су жүйесін қайта құруға 2023-2024 жылдарға 480 миллион теңге қарастырылып, нысан пайдалануға берілген. Бұл жобалардың жүзеге асуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік бермек. Таубай ата ауылында бұған дейін тұрғындар Жасұзақов, Білім және Балауса көшелерінің жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын. Кездесуде әкім бұл көшелерде орташа жөндеу жұмыстары басталғанын және жақын арада толық аяқталатынын атап өтті. Сонымен қатар, ауылдың ішкі көшелеріне су ағызатын лотоктар орнату жұмыстары да жүргізілуде. Бұл тұрғындар үшін өзекті экологиялық және тұрмыстық мәселені шешуге бағытталған нақты қадам.
Аудан бойынша жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да қарқын алған. Жамбыл ауылындағы Т.Бигелдинов, Достық, Бейбітшілік және Қалдыбаев көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Абиболла ауылындағы Сапарбек ата және Егенов көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, Таубай ата ауылындағы М.Жасұзақов көшесі мен Жамбыл елді мекеніндегі Бекарыстанов көшесін жөндеу жұмыстары алдағы күндері басталады. Білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Аудан әкімі Қазыбек би ауылындағы Түркістан мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және Амангелді орта мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінгенін айтты. Сонымен бірге, Таубай ата ауылындағы М.Жұмабаев мектебіне қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. Бұл ғимарат жаңа оқу кабинеттерімен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Ал мектеп аумағындағы күрес залына жаттықтырушы штатын бөлу мәселесі де қаралып, шешім қабылданған. Электр жүйесін жаңарту да аудан басшылығының назарынан тыс қалған жоқ. Жамбыл елді мекеніндегі тозығы жеткен қосалқы станция жаңартылып, тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі артты. Бұл ауылдың тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктерін толық қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға да назар аударылған. Бұл бағытта 5 миллион теңге қаражат бөлініп, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген. Ал көше атаулары мен үй нөмірлерін орнатуға 4,2 миллион теңге қаржы бағытталып, елді мекендердің көріктендірілуі мен мекенжай жүйесін реттеу жұмыстары атқарылған.
Жол бойындағы қауіпсіздік пен құрылыс тәртібін сақтау мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, А-15 республикалық маңызы бар автожол бойындағы қызыл сызықтан асып кеткен заңсыз құрылыстарды ретке келтіру жұмыстары қолға алынған. Бұл шара жол бойындағы тәртіпті сақтау және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. Кездесу барысында Серік Үсенұлы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың әрқайсысына жеке тоқталды. Тұрғындар тарапынан ауыз су, жол, жарықтандыру, мектеп, спорт және санитарлық тазалық мәселелері кеңінен сөз болды. Әкім әр ұсынысты назарға алып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Кездесу соңында аудан басшысы жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштерін жеке қарады. Бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапса, қосымша зерттеуді қажет ететін сұрақтар бақылауға алынды. Серік Үсенұлының айтуынша, тұрғындардың пікірлері мен талап-тілектері аудандық даму жоспарында міндетті түрде ескерілетін болады. Жетісай ауданы әкімдігі тұрғындармен ашық диалог орнату дәстүрін жалғастырып келеді. Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, әлеуметтік мәселелердің уақтылы шешілуіне жол ашады. Әрбір ауылдағы нақты істер мен жобалар – осы ашық қарым-қатынастың нәтижесі. Қорыта айтқанда, Жетісай ауданы тұрғындарының ұсыныстары ескеріліп, бірқатар өзекті мәселелер нақты шешімін табуда. Аудан басшылығы алдағы уақытта да елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандарды жөндеу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.









