DIGITAL QAZAQSTAN AWARDS 2026: ҮЗДІК ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

0

Шымкент төрінде өтіп жатқан «Digital Qazaqstan 2026» халықаралық цифрлық форумы аясында еліміздің технологиялық секторындағы ең үздіктерді айқындайтын «Digital Qazaqstan Awards» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы байқау ерекше бәсекелестікпен сипатталып, қатысуға барлығы 345 өтінім түскен. Олардың ішінен іріктеліп алынған 162 жоба финалдық кезеңде бақ сынады. Сыйлық иелерін анықтау үдерісі де заманауи тәсілмен жүргізілді: алдымен жобалар жасанды интеллект алгоритмдері арқылы сарапталып, кейін кәсіби сарапшылар алқасының соңғы шешімімен бекітілді.

Мемлекеттік сектордағы озық шешімдер үшін берілетін «Best AI Government Services» номинациясын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен бақылауды жаңа белеске шығарған «Alaqan» цифрлық платформасы иеленді. Маңызды марапатты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев табыс етті. Ал өнеркәсіп саласына жасанды интеллектті сәтті енгізгені үшін «Best Industrial AI Project» аталымында «Fractal» платформасын ұсынған «Aspans» жобасы үздік деп танылды. Бұл жоба өндірістік қауіпсіздік пен операциялық үдерістерді басқаруда жоғары тиімділік көрсеткен.

Өңірлерді цифрландыру және жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағытында «Ikigai Promotion» жобасы «Regional AI Transformation» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Әлеуметтік маңызы бар бастамалар да назардан тыс қалмай, «AI for Social Impact» жүйесімен «Codo» жобасы марапатталды. Бұл жүйе балалардың психоэмоционалдық жағдайын бақылауға арналған «HR+» бағдарламасымен ерекшеленді. Сондай-ақ, агрессивті мінез-құлық белгілерін анықтайтын бейнеаналитика жүйесін жасап шыққан «Protector AI» командасы «Best AI Startup» аталымын жеңіп алып, еліміздегі ең перспективалы стартаптардың бірі екенін дәлелдеді.

Биылғы форум «Industry 5.0: Ынтымақтастық қуаты» тақырыбына арналып, адам мен технологияның үндестігін басты назарға алды. Шымкент қаласында ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шараға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері ұйытқы болды. Бұл жиын Қазақстанның цифрлық әлемдегі әлеуетін тағы бір мәрте паш етіп, отандық IT-мамандардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.


ПІКІР ЖАЗУ