ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЗЕРТТЕУ ХАБЫН АШУҒА ШАҚЫРДЫ

Шымкентте өтіп жатқан «Digital Qazaqstan 2026» форумы аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов еліміздің жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы стратегиялық бағыттарын жария етті. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірлік технологиялық хабқа айналу жолында нақты қадамдар жасап, әлемдік деңгейдегі есептеу қуаттарын іске қосуда.
Бүгінде Қазақстан технологиялық әлеуеті бойынша әлемдік TOP-500 рейтингіне енген өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері — Alem.Cloud және Al-Farabium жобаларын сәтті іске қосты. Сонымен қатар, жаһандық алпауыт NVIDIA компаниясымен серіктестікте тәуелсіз есептеу хабы құрылып жатыр. Павлодар облысында қуаты 1 ГВт-қа жететін «Деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) алқабы» бой көтермек. Бұл жоба деректерді жай сақтау ғана емес, оларды жоғары жылдамдықпен өңдейтін толық циклді инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Еліміздің қолжетімді электр энергиясы мен сигнал берудің төмен кідірісі (low latency) сияқты бәсекелік артықшылықтары Қазақстанды жоғары өнімді жүйелер үшін ең тартымды нүктеге айналдырып отыр.
Цифрлық саясаттың тың бағыты ретінде Data Embassy (Деректер елшілігі) форматы таныстырылды. Бұл модель басқа мемлекеттерге өз деректерін Қазақстан аумағындағы серверлерде орналастыруға, сонымен бірге сол мәліметтерге толық құқықтық егемендігін сақтауға кепілдік береді. Олжас Бектенов мұны халықаралық деңгейдегі сенімнің жаңа моделі деп атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта экономиканың негізгі салаларында ЖИ-датасеттерді қалыптастыру және салалық тілдік модельдерді (LLM) дамыту қолға алынбақ. Мемлекет өнеркәсіптік заттар интернеті (IIoT) мен нақты уақытта дерек жинайтын компанияларға айрықша қолдау көрсететін болады.
Президенттің тапсырмасы бойынша адами капиталды дамытуға басымдық берілген. AI-Sana бағдарламасының арқасында бүгінде 1 миллионға жуық азамат жасанды интеллект негіздерін меңгеріп үлгерді. Технологиялық экожүйені нығайту үшін биыл Қазақстанда арнайы ЖИ-университеті ашылады. Сонымен қатар Alem.ai халықаралық орталығы зерттеу зертханалары мен акселераторларды біріктіріп, технологиялық компаниялар үшін тартылыс нүктесіне айналады. TUMO мектеп орталықтары мен Google for Startups сияқты халықаралық серіктестіктер аясында кәсіпкерлерді даярлау жалғасады.
Премьер-министр Digital Qazaqstan форумы үлкен жолдың бастамасы екенін айтты. Биыл Қазақстан бірқатар ауқымды халықаралық шараларды қабылдайды. Олардың қатарында GITEX Орталық Азия және Кавказ, AI & Digital Bridge форумы, 100-ден астам ел қатысатын «Болашақ ойындары» бар. Тамыз айында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада. Үкімет басшысы барлық халықаралық инвесторлар мен технологиялық алпауыттарды Қазақстанда өз зерттеу хабтарын ашуға және бірлескен ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға шақырды.









