ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ДДСҰ БАС ДИРЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашақ даму перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы ұйыммен әріптестіктің жаңа, сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтіп, Қазақстанның жаһандық бастамаларына көрсетіп отырған тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді.
Тараптар климат пен денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамыту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және медицина саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін қарастырды.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстан Президентіне Өңірлік экологиялық саммитке шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар ол елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен экономикалық даму үдерістеріне жоғары баға берді.
ДДСҰ басшысы Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде экология мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында ДДСҰ бас директоры Мемлекет басшысына дәрілік заттар айналымын реттеу саласы бойынша Қазақстанға 3-деңгей берілгенін растайтын хатты табыс етті. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігін көрсетеді.
Қазақстан бұл деңгейге ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.









