Коронавирус. Елде маска режимі қайта енгізілуі мүмкін
Елімізде карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқылайтынын жеткізді.
Айтуынша, республикада әзірге жағдай аса қиындай қойған жоқ.
Вакцинация – ең басты мәселе осы. Әзірге жағдай аса қиындаған жоқ, бірақ науқастардың саны көбейе беретін болса, маска тағу режимі қайта енгізілуі мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін індет жұқтыру дерегі тіркеліп отырғандықтан, мәселе алға қойылып отыр. Карантиндік шараларды күшейту мәселесін ВАК отырысында талқылаймыз. Тек маска тағу бойынша ғана емес, басқа шараларды да қарастырамыз, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Еске сала кетейік, күн санап ел аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамнан асып кетті. Өткен тәулікте 137 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды.
Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, 627 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында 5 адамның жағдайы ауыр.
Дереккөз: BAQ.KZ