ТРАНСФОРМАТОРЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР БЕЛГІЛЕНЕДІ

0

Жоғары вольтты жабдыққа қатысты ұлттық техникалық регламент әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Alashinfo24 ақпараттық агенттігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жоғары вольтты жабдық қауіпсіздікке үлкен зиян төндіруі мүмкін. Атап айтқанда, электр оқшаулау беріктігінің төмен деңгейінде өрт қауіпсіздігі, жарылыс қауіпсіздігі сынды мәселелер бар. Мәселен, ТЖМ мәліметтері бойынша, соңғы 2 жылда электр жабдығының жануы тіркелген жүзден астам жағдай орын алды. Әрине, олардың басым бөлігі ескірген жабдықтармен және дұрыс емес пайдалану жағдайларымен байланысты. Бірақ өнімнің өзіне және оның сәйкестігін бағалау рәсіміне қойылатын талаптар болуы тиіс», — деді комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Сәйкестікті бағалау нысандары, схемалары мен рәсімдері (декларациялау не сертификаттау), сондай-ақ жоғары вольтты жабдықтың нақты түрлері биылғы жылы техникалық регламенттің мәтінінде белгіленетін болады.

«Елімізде трансформаторлар, конденсаторлар және басқа да жоғары вольтты жабдықтар өндірісі жоғары деңгейде дамыған. Қазақстандық өндірушілердің жабдықтары ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар шетелде бәсекеге қабілетті, өзінің барлық қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде шетелдік сынақ орталықтарында да сәйкестігін сәтті растайды. Алайда, бүгінде қазақстандық тұтынушылар сұр қауіпті импорт проблемасына тап болып отыр. Азаматтық және өнеркәсіптік объектілерде қауіпсіздікке қатер төндіре отырып, елімізге қауіпті өнімдерді әкелетін нақты импорттаушыларды білеміз», — деді Қазақстанның электр машина жасау қауымдастығының басқарушы директоры Ғалым Болатов.

Сондай-ақ ол қауіпсіздіктің міндетті минималды талаптарының болмауы уәкілетті органдарға мұндай жағдайларды анықтауға және тиісті іс-шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Қазіргі жағдайда Ұлттық техникалық регламентті қабылдау Қазақстандағы өнімнің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғайды.


ПІКІР ЖАЗУ