ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСКЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛДЫ?
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтар «алтын үшбұрышта» еңбек құлдығынан қалай шыққанын айтты, — деп хабарлайды Alashinfo24 тілшісі.
«Бұған дейін айтқанымдай, қазақстандықтар Оңтүстік-Шығыс Азияда еңбек құлдығына түсіп жатады. Соның ішінде үш мемлекет — Таиланд, Мьянма және Лаос шекарасы «үшбұрыш» деп аталады. Жақсы жаңалық бар. Кейінгі аптада сол жерде болған екі жігіт жақында ғана аман-есен үйіне оралды, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Бұл жігіттер өздеріне назар аударылғанын қаламайды. Олар өздеріне не болғанын әлі түсіне алмай жатыр. Жаман кинодағыдай болады. Туыстары Сыртқы істер министрлігі арқылы журналистерден оларды мазаламаса деп өтініп жатыр», — деді Смадияров СІМ-де өткен брифингте.
Смадияров жігіттерге сол жердегі жергілікті тұрғын мен олардың жағдайына тап болған адамдарға көмектесумен айналысатын халықаралық үкіметтік емес ұйым көмектескенін айтты.
«Келесі күні кешке олардың тұтқыннан қашып құтылғаны туралы хабар алдық. Олар тұрған жерден жергілікті тұрғын шекарадан өтуге көмектесті. Әрине, ақылы. Хабар алғаннан кейін оқшау, қауіпсіз жерде жасырыну керегін айттық және оларға халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерін жібердік. Ол қазақстандықтарды қаладан шығарып, қонақүйде жасырды. Бангкоктағы консул түнде көлікпен шығып, оларға барып, бірден Бангкокқа жеткізді», — деді СІМ өкілі.
Оның айтуынша, Бангкокқа барғаннан кейін қазақстандықтардың ұлттық төлқұжаты бар екені анықталған. Бірақ оларды Тайландтан депортациялайтын тай визасының мерзімі өткен екен.
«Консул бұл мәселені тай билігімен бірден шеше бастады. Бір тәулік ішінде біз барлық құжат мәселесін шештік, барлығы берілді, Катар арқылы билеттер сатып алынды, Алматыға ұшып келді», — деді Айбек Смадияров.
Құлдықтан қашқандар дипломаттарға олар жұмыс істеген компанияда Қазақстанның басқа азаматтары болмағанын мәлімдеген.
«Бірақ басқа компаниялар бар. 2022 жылғы маусымнан 2023 жылдың қаңтарына дейін Тайландтағы елшілігіміз осы екі жігітті қоса алғанда, еңбек құлдығында болған 14 Қазақстан азаматына көмек көрсетті. Олар Мьянма мен Лаоста болды.
Біздің қызметкерлер де азаматтарымызды осы аймақтарға барудан бас тартуға шақырып, тоқтатты. Олардың бірі Мьянма шекарасына барып, қандай да бір мәселе бойынша консулға қоңырау шалды. Консул оған дереу сол жерден кетуі керегін айтты», — деп атап өтті СІМ.
Смадияровтың сөзінше, құлдыққа түсу схемасы мынадай: қазақстандықтар жоғары ақы төленетін жұмыс туралы хабарландыру бойынша шетелдегі инвестициялық немесе өзге компанияға барады. Олар 2-3 мың доллардан төлеуге уәде береді, тек тіл білу қажет.
«Бір таңғаларлығы, онда шетелде оқыған және қайда бара жатқанын түсінетін жоғары білімі бар адамдар жұмыс істеуге барады. Олар қытай тілін біледі, кезінде Қытайда оқыған. Олар Әмірліктерге барған, сол жерден осы компанияны тапқан, оларға қытайлық компанияда жұмыс бары айтылған, бірақ кеңсе Таиландта орналасқан. Олар рейс пен қонақүйді және басқа шығындарды төлеген. Таиландқа барғаннан кейін оларды Мьянмаға көлікпен апарған. Олар алаяқтықтың құрбаны болған. Барғаннан кейін бұл ірі компания емес, майнингпен және криптовалютамен айналысатын қарапайым компания екені анықталған», — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Дубайға жұмыс іздеп кетіп, із-түзсіз жоғалған екі қазақстандық елге оралғаны хабарланған болатын.