ТАРАЗДА НӘРЕСТЕ САТҚАН АКУШЕРЛЕР ҰСТАЛДЫ

0

Жамбыл облысында дәрігерлер жаңа туған сәбиді сатып жіберген, — деп хабарлайды  Alashinfo24  тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2023 жылғы 12 қаңтарда Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Тараз қаласы прокуратурасымен бірлесіп жүргізген арнайы іс-шара барысында жаңа туған баланы сату дерегін анықтады.

«Дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы») соталды тергеу амалдары басталды. Жамбыл облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының екі акушерін анықтап, ұстады. Тергеу шаралары барысында жаңа туған қызды акушер мамандар 39 жастағы Тараз тұрғынына 1,5 миллион теңгеге сатып жібергені белгілі болды», — делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ал баланы сатып алушыға қатысты қолхатпен босату түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Нәресте Тараз қаласының сәбилер үйіне орналастырылды. Тергеу жалғасып жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ