АСЫРАНДЫ БАЛАЛАРДЫ НЕЛІКТЕН КЕРІ ҚАЙТАРЫП ЖАТАДЫ?

0

Қазақстанда асырап алған балаларды кері қайтарудың себептері айтылды, — деп хабарлайды  Alashinfo24 тілшісі.

«Асырап алған балаларды қайтару фактілері бар. Бірақ, көп жағдайда емес және оның себептері объективті. Мысалы, асырап алушының немесе баланың денсаулық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар асырап алушының материалдық жағдайына да қатысты болып жатады. Осы секілді басқа да объективті себептер бар. Ерекше балаларды да асырауға алып жатады. Олардың диагнозы әртүрлі. Сондықтан тек қана сау балаларды асырап алады деген қате пікір», — деді Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жанна Сәрсенбаева БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, асырап алушы жылына екі рет баланың өмір сүру жағдайы бойынша есеп береді.

«Одан бөлек, орталық мамандары бала асырап алған отбасыларға барып тұрады. Мақсат – баланың жеке басы мен өмір сүру жағдайын бақылау. Әрине, мамандар алдымен баратындығы туралы ескертеді. Яғни, біреудің үйіне баса-көптеп кіріп бармайды», — дейді сарапшы.

Елімізде балалар үйлерінің атауы мен қызметі өзгеріп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қазақстанда жетім балалардың 80% отбасында тәрбие алып жатқандығы айтылды. Бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім бала бар екен.

Айта кетейік, бүгін Астанада еліміздегі балалар үйлері қызметін трансформациялау мәселелеріне арналған жиын өтті.

Шараға құзырлы органдар өкілдері мен балалар үйлері басшылары қатысты.


ПІКІР ЖАЗУ