ТЕГІН ОҚИТЫН ӘСКЕРИЛЕР ҚАЛАЙ ІРІКТЕЛЕДІ?

0

Қазақстанда әскери борышын өтеген 3 мың сарбаз университетте тегін оқи алады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева айтты, — деп хабарлады Alashinfo24 тілшісі.

«Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін беру жөніндегі бастамасын еліміздің 40-тан аса жетекші жоғары оқу орны қолдады. Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды оқыту үшін 2 мың орын беру туралы келісімге қол қойылды», — деді Айгүл Төлембаева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол басымдық үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға берілетінін атап өтті.

«Мерзімді әскери қызмет өткерген, үлгілі тәртібімен көзге түскен, жауынгерлік даярлықта жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО есебінен оқуға мүмкіндік беріледі», — деді ол.

Оның айтуынша, әскери қызметшілерді іріктеу бекітілген регламентке сәйкес жүргізіледі.

«Бұл ретте жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, қызмет атқару барысында арнаулы міндеттерді орындаудың толықтығы, психологиялық жай-күйін бағалау бойынша қорытынды балл ескеріледі. Тегін білім алу квотасын беру туралы шешімді әскери қызметшінің жеке рейтингін және оның қалауын ескеріп, Қорғаныс министрлігінің комиссиясы қабылдайды», — деді кеңесші.


ПІКІР ЖАЗУ