ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕГІ 10 ҚАДАМ: ДҮМПУ БАСТАЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Алматы 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, қаладан 80 шақырым радиуста жыл сайын 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі болады. Бұл ретте күші 2-ден 4 баллға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим саналады.
Осыған байланысты әрбір азаматтың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет етуге жеке дайындығы бірінші орынға шығады. Ведомство қала тұрғындарын тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізеді, оның мақсаты қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, — деп хабарлайды Alashinfo24 тілшісі.
Сондықтан, әрбір алматылық «Жер сілкінісі кезіндегі 10 негізгі қадамды» білуі керек. Бұл ұсыныстарды телефоныңызға сақтап, оларды әлеуметтік желілерде бөлісе аласыз.
Ақпаратты Алматы Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған:
1) Сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз;
2) Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
3) Жиһаздардан, терезе, люстрадан алшақ тұрыңыз;
4) Тығылатын орын табыңыз, басыңызды қолыңызбен жабыңыз;
5) Жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін ғимараттан шығыңыз;
6) Шығар кезде суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
7) Дабыл кезіне дайындаған сөмкеңізді алыңыз (алдын ала дайын тұруы керек);
8) Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан алшақ болыңыз;
9) Жерасты дүмпулерінің қайталануына дайын болыңыз;
10) Балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесіңіз.