«ҚАЗАҚСТАН БҰЛ БАҒЫТТА НЕГІЗГІ РӨЛ АТҚАРАДЫ ДЕП САНАЙМЫЗ» — САУД АРАБИЯСЫНЫҢ МИНИСТРІ

0

Президент Сауд Арабиясының ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлиді қабылдады.

Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлиге ілтипат білдіре отырып, оның сапары екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.

«Жиддаға сапарым барысында Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз әл-Саудпен кездестім. Кездесуде біз екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге келдік. Біздің өзара уағдаластықтарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр және дәйекті түрде орындалып келеді», – деді Президент.

Абдулрахман әл-Фадли құрмет көрсетіп, қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ, Тақ мұрагерінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растады.

Министр өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Өзіңізге мәлім, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Қазақстан бұл бағытта негізгі рөл атқарады деп санаймыз», – деді Абдулрахман әл-Фадли.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы өзара байланыс перспективалары талқыланды.


ПІКІР ЖАЗУ