NOBEL FEST 2023: ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН ӘЛЕМДЕ ҰШАТЫН КӨЛІК ПАЙДА БОЛАДЫ

0

Алдағы 10-15 жылда әлем халқы ұшатын көлікпен саяхатқа шыға алатын болады. Әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсон Nobel Fest 2023 фестивалінде осындай тұжырымын айтты.

Астанада өтіп жатқан Nobel Fest 2023 халықаралық ғылым және білім фестиваліне әлемдегі ең ықпалды автокөлік дизайнері, Mini Cooper, BMW X5, Ferrari F430, Maserati көліктерінің дизайн концепцияларын жасаушы, Frank Stephenson Design (FSD) негізін қалаушы Фрэнк Стивенсон қатысып жатыр. Стивенсон авто-дизайн саласында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ол екі жылдан соң әлемде ұшатын көліктер пайда болады деп есептейді.

Біз қазір зертханалық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта  сертификаттау сатысында тұрмыз, алдағы 2 жылдан кейін жаңа ұшатын такси болады. Мен оны ұшатын көлік деп айтқым келмейді. Ең бастысы оның қызметінің құны қымбат болмайды. Өйткені ол бензин немесе дизельдік отынмен жүрмейді. Электр көлігі болады, — деді авто-дизайнер.

Сондай-ақ дизайнер алдағы онжылдықта әлем халқы көліктің бұл түріне үйреніп, оның көмегімен саяхаттайтын болады деген пікірде.

Астанада осы таксиді пайдаланбаса да, әлемдегі басқа да ірі қалаларда алдағы онжылдықта барлығы осы көлік түріне үйренеді. Ұшатын таксидің көмегімен 200 км қашықтықта қысқа қашықтыққа саяхаттауға мүмкіндігі туындайды. Әрі тағы бұл көліктің маңызды бөлігі – оның жылдамдығы болмақ. Сағатына 300 км жылдамдықпен жүреді деп отырмыз. Болашақта 10-15 жыл ішінде отбасылық серуенге таптырмайтын көлік болады, — деді ол.

Сонымен қатар қазір көліктің дизайнына қатысты пікірталас жүріп жатқанын айтты.Оның пікірінше, кез келген нәрсе өз бастауын табиғаттан алады. Сондықтан, жаңа көлікті балыққа ұқсатып жасау көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін VI Nobel Fest халықаралық фестивалі аясында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлемге әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартқан болатын.

Бүгін аталған фестивальдің екінші күні өтіп жатыр. Nobel Fest – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.
Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.


ПІКІР ЖАЗУ