ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ: «ӘРБІР ҚҰРЫЛЫС САПАЛЫ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС»

0
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалына барып, бір ай бұрын берген тапсырмаларының орындалу барысы мен жұмыс қарқынын бақылап қайтты.
Шаһар басшысы сала мамандарымен кездесу кезінде әрбір нысан құрылысы белгіленген мерзімде тапсырылып қана қоймай, сапалы шығуы тиіс деп шегеледі. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Шатыры монтаждалып, қасбеті жаңғыртылды.
Сонымен қатар жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 800 жұмыс қолы тартылған.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы 40 800 шаршы метрді құрайды. 24 эскалатор, 2 трафик, 24 жеделсаты, заман талабына сай келетін 4 галерея қарастырылған. Барлығы жеке инвестор есебінен салынуда.
Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш еселеніп, 2 000 адамға артады.
Қазіргі таңда перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. 6 гектар аумақта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әуежай құрылысының 2-кезеңі 2024 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі.

ПІКІР ЖАЗУ