ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

0
Шымкент қаласының туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Пекин қаласында туристік бизнес өкілдеріне ақпараттық «Road Show» ұйымдастырылды.
Роуд-шоуға түрлі туристік және әуе компаниялардың 40-тан астам өкілі қатысты. Қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлерінің табиғи пейзаждары мен бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық тағамдардың гастрономиялық дәмін тату және «Шымкент шайы» ұсынылды. Жақында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енген болатын. Бұл екі ел азаматтары үшін жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік және іскерлік мақсаттар бойынша шекара асатын жағдайда визалық талаптардан босатылып, туристік қатынастарда үлкен потенциал бермек. Бүгінде 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша Шымкентке 215 098 турист келген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңнан асыру жоспарлануда. Соның ішінде сырттан келуші турист санын арттыруға аса мән беріліп отыр. Іс-сапар барысында туризм саласы өкілдерімен екіжақты ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласына 9 айдың ішінде 311 895 адам келген. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 238 197 адамды құраған болатын. Алматы, Астана және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Корея және басқа да елдер мен қалалардан іскерлік, жеке және кәсіптік мақсатта Шымкентке келушілер саны басым. Аталған басқарма биыл туристер санын 400 мыңға жеткізуді жоспарлаған. Бұл ретте, сыртқы байланысты жандандырып, Шымкенттің туристік танымдылығын арттыру мақсатында биылға жоспарланған БАӘ-нің Бас консулдығының ашылуы, Литваның Каунас қаласымен бауырлас қарым-қатынас орнатуы да ықпал етпек. Еске сала кетейік, жазғы кезеңге Шымкенттен Қостанайға, Ақтөбеге, Семейге және Атырауға, сондай-ақ, грузиялық Кутаисиге дейінгі жазғы маусымдық маршруттар қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Алматыға, Астанаға, Ақтауға және Шымкент-Дели-Шымкент жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстер қазақстандықтарға қолжетімді бағамен мобильді болып қалуға мүмкіндік береді.

ПІКІР ЖАЗУ