ҚАУІПТІ АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

0
Шымкент қаласы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен қызылша ауруының алдын алу және оған қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Дөңгелек үстелге аталған салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, дәрігерлер мен дін қызметкерлері қатысты.
Мамандардың айтуынша, 2023 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында халық арасында қызылша ауруы жиі тіркеле басталған. Бұл жағдай Ресейде, Украинада, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Еуропа өңірінің 17 елінде осы аурудың өршуімен байланысты екен. «Қазақстан Республикасы бойынша қызылшаға күдікпен барлығы 17 мыңнан астам жағдай тіркелген. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктің 2 749 жағдайы тіркелді. Науқастардың 87 пайызы – балалар. Оның үстіне, олардың шамамен 60 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған» – дейді Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова. Оның айтуынша, 2019 жылы – 3 091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай, 2018 жылы – 8 жағдай тіркелген болса, 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша қызылшамен сырқаттанған науқастар тіркелмеген. Алайда, биыл бұл індет қайта өршіп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, қызылша – вирустық жұқпалы аурулардың бірі және ол ауа тамшылары арқылы өте тез таралады. Бұл инфекция шамамен 100 пайыз сезімталдықпен сипатталады, яғни, бұрын қызылшамен ауырмаған немесе вакцинацияланбаған адам науқаспен байланыста болған жағдайда оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Қызылшаның жиі кездесетін асқынуларының арасында ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхопневмония, жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит секілді аурулар бар. Әрі 80 пайыз жағдайда бұл вирус балаларға жұғады. «Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бірінші егу 12-15 айлық балаларға, екіншісі 6 жастағы балаларға сау фонда жүргізіледі. Қосымша қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша бұрын қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған, вакцинация туралы мәліметтері жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар аурумен байланыста болған кезде 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне және қалауы бойынша 30 жастан асқан адамдарға егіледі» – дейді Айгүл Мелесқызы. Бүгінгі таңда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинация жүргізу үшін қаланың емханаларында вакцинаның жеткілікті қоры бар. Сондықтан мамандар барша тұрғындарды балалардың денсаулығын қатерге тікпей уақтылы вакцина қабылдауға шақырады. Жиын барысында дін саласының өкілдері де сөз алып, барлық діндерде адамның өмірі мен денсаулығы жоғары бағаланатынын, сол себепті аурудан сақтану үшін екпе қабылдау дінге қайшы еместігін ашып айтты.

ПІКІР ЖАЗУ