ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН КӘСІБІН АШЫП ЖАТҚАН ТҰРҒЫНДАР САНЫ АРТУДА
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды.
Халықтың ауылда еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына серпін берген бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының дамуына да үлесін қосуда. Аудан тұрғындары жеңілдетілген несие алу арқылы кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – саурандық жеке кәсіпкер Ахматжан Мамитов өткен жылы Қарашық ауылдық округінен жылыжай салып, қияр өсіруді қолға алмақ. Бүгінде 0,045 гектарға жылыжай салып, өнім өндіру бағытында дайындық жұмыстарын бастаған. Ол 2023 жылы кәсібін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 %-бен 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтуге қаражат салған.
Бүгінде халық жылыжай салу арқылы төрт маусымда да қажетті көкөніс алуға бейімделуде. Алдағы уақытта кәсіпкер, арнайы табысқа қол жеткізуге бағытталған ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен қиярды отырғызып, жыл бойы өнім алуды жоспарлауда.