АҚТӨБЕ ТҰРҒЫНЫ ІНІСІНІҢ АЛИМЕНТ БЕРЕШЕГІН ӨТЕУ ҮШІН ТЫҢ ҚАДАМҒА БАРДЫ

0

Ақтөбелік тұрғын інісінің алимент берешегін өтеу үшін пәтерін берді. Қарыз сомасы — 3,8 млн теңге.

Жеке сот орындаушысы Нұрлан Зинеғалиевтің өндірісіндегі іс 2019 жылдан бері созылып келген. Бүгінге дейін қарыз сомасы 3,8 млн теңгеге жеткен. Бүгінде оның бала алдындағы қарызын апасы өтеді. Сөйтіп 1 бөлмелі пәтерді бауырына берді.

«Борышкер 2019 жылдан бері жұмыс істемей, ақша аудармай келді. Тіпті әкімшілік жауапқа тартылып, екі күн қамақта отырды. Сонымен бірге қылмыстық іс қозғау үшін облыстық Полиция департаментіне ұсыныс жіберілді. Сол кезде апасы көріп, көмектесті, пәтерін берді. Екі арада нотариус арқылы келісім жасалды. Дегенмен баласы әлі 18-ге толмады. Сол себепті алдағы уақытта ол ай сайын 30 мың теңге төлеп отыруы тиіс», — деді жеке сот орындаушы Алмас Кулшанов.

Айта кетейік, бір сот орындаушыда орта есеппен 700-800 іс бар. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша 10 мыңнан астам алимент өндіру туралы атқару құжаты тіркелген.

«Әртүрлі жағдай кездеседі. Кейде әкесі көлігін сатып, берешегін өтейді. Ал мынадай оқиға өте сирек болып тұрады. Қазіргі кезде жұмыс істеймейтін адамдардың берешегі орташа айлықпен есептеледі. Оны төлей алмағандар бірінші әкімшілік, үш айдан кейін қылмыстық жауапқа тартылады. Биыл жыл басында бір ақтөбелік 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді», — деді Алмас Кулшанов.


ПІКІР ЖАЗУ