КЕЗДЕСУДЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН САҚТАУ БАҒЫТЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының 4-бағыты саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамытуды көздейді. Бұл бағыт бойынша елімізде қолға алынып жатқан шаралардың қатары қалың. Мәселен, қазіргі уақытта бұқаралық спортты дамыту мақсатында еліміздің әрбір қаласында спорт алаңшалары салынып жатыр. Бұл ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен түрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында қолға алынып жатқан бастамалардың бәсі биік. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.
Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру организмнің өсу мен дамуына белсенді ықпал етеді, организмнің жұмысқа қабілеттігін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Салауатты өмір салтын сақтау» тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Туризм мектебінің оқытушылары Ш.Нурмухамедова мен У.Кенжебаеваның ұйымдастыруымен болған жиынға университет білімгерлері мен қызметкерлері қатысты.
Қонақ дәрісінде Бақашбаев Әділ, Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, Түркістан облысы «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК дәрігер эпидемиолог мамандары – Эртаева Азиза, Кенжегулов Марат, Адамбек Айбек болды. Мамандар тақырып төңірегіндегі пікірлерін алға тартып, құнды кеңестерімен бөлісті. Жиын қонағы Әділ Бақашевтың пікірінше, кез келген өмір сүру салты белгілі бір принциптерден тұрады. Бұл адамның биологиялық һәм әлеуметтік принциптеріне сай жүріс-тұрыс ережесіне айналуға тиіс. Оның ішінде биологиялық принцип өмір салтының жас ерекшелігіне сай ағзаны күш-қуатпен қамтыса, әлеуметтік өмір салты адам бойындағы ізгі қасиеттер мен игі қабілеттерді қамтамасыз етеді. Екі маңызды бағыттың жиынтығы адам организмінің биологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына, сонымен қатар қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал етеді. Ал өмірге аса қажет ережелердің қатарына жұмыста, тұрмыста, отбасылық қарым-қатынаста, қоғамдық және мәдени өмірде жағымды психологиялық көңіл-күй мен оптимистік көзқарасты қалыптастыру, нәтижелі еңбек ету, қимыл белсенділігі, өмір салтының тәуліктік биоырғақпен үндесуі, зиянды әдеттерден аулақ болу жатады. Яғни жоғарыда аталған негізгі қағидалар сақталғанда, адамның ағзасы да қоршаған ортаға сәйкес бейімделіп, организмнің сау болуына, түрлі ауруларға қарсы күресе білуіне көмектеседі. Сондықтан бұқаралық спортпен айналысудың, белсенді өмір салтына бейімделудің маңызы айрықша.
«Әр адамның денінің сау болуы салауатты өмір салтын сақтау мен қалыптастыруға тікелей байланысты. Жалпы салауатты өмір салтының өзі әуелі денсаулықты нығайтуға және ағзаны сауықтыруға бағытталған белсенді іс-шаралар. Оны қиындатудың қажеті жоқ. Жалпы адамның өмір сүру салтының өзі ғайыптан пайда болмайды немесе өздігінен пайда болмайды. Оны әр адам саналы түрде қалыптастырады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жастарды салауатты өмір салтына ынталандыру өзекті мәселе болып отыр. Мектеп жасындағы оқушылардың салауатты өмір салты туралы түсініктерін сапалы дəрежеге көтерудің маңызы зор. Балалардың денсаулығын сақтап, дамыту барлық білім ошақтарында оқу-тәрбиелеу процесінің маңызды бөлігі саналады. Онда бала денсаулығы басты мақсатқа айналып, барлық педагогикалық процесс соған бағытталады, оқыту-тәрбиелеу жұмыстарының барлығы балалардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен денсаулықтың басты құндылық екеніне, салауатты болуына күш салынады. Педагогтардың салауаттылық мәдениетінің жоғары болуы талап етіледі. Оқу-тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы алдымен баланың денсаулығын сақтай жүргізілуге бағытталуы тиіс. Өйткені дені сау бала оқу процесіне белсене араласады. Әрдайым жайдары, көңіл-күйі жоғары болады. Мұны неге айтып отырмын? Сіздер де өз айналаңыздағы іні-қарындастарыңызды дәл осы салауатты өмір салтын сақтау бейімдеулеріңіз керек. Бүгін қалыптасқан әдет пен өмір сүру салты әрбіріміздің болашағымызға әсер етеді» деген Адамбек Айбек «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының 4-бағытының дәл осы тақырыпқа арналып отырғанының мән-мағынасын түсіндіріп өтті.
Тағы бір жиын қонағы Азиза Эртаеваның айтуынша, темекі шегу, нашаорлыққа әуес болу, ащы суға құмарту сынды мәселелер адам болашағына балта шабады. Өйткені мұндай теріс әрекеттер жүре келе адам өмірінің салтына айналуы мүмкін. Ал енді мұндай қылықтарға әуес жандар салауатты өмір салтын сақтауға көңіл бөлмек түгілі, назар да аудармайды. Жоғарыда аталған жат қылықтар адам ағзасына теріс әсер етіп, тез қартаюына, аурушаң болуына әкеледі. Тіпті, түрлі қылмыстық әрекеттерге бастауы бек мүмкін. Сондықтан оны ескеру керек. Тың ақпараттар мен өзекті мәселелер арқау болған жиын барысында жастар көкейін тескен сауалдарын қойып, спикерлерден жауап алды. Өткізілген іс-шараның мақсаты – студенттерге салауатты өмір салтын сақтау, денсаулықты күту, тазалық сақтау, қатерлі дерттер, тән сұлулығы мен жан сұлулығы, лас істерден аулақ болу, зиянды әдеттер және оның салдарынан белең алып жатқан қоғамдағы қылмыстық істер бойынша пікірлерін ортаға салу.
Айта кету керек, Қaзақстан Республикaсының Үкіметі 2021 жылы 12 қазанда «Дені сау ұлт» әрбір aзaмат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобaсын арнайы қаулымен бекіткен болатын. Денсaулық сaқтау сaласының ұлттық жобасы аясында елімізде жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. «Дені сау ұлт» жобасының іске асырылу уақыты 2025 жылға дейін деп бекітілген еді. Яғни осы жылдар аралығында халық денсаулығын көтеру мақсатында әр аймақта медициналық сала мамандары әр түрлі іс-шаралар өткізіп, оның тиімділігін, нәтижесін бақылап отырaды. «Дені сау ұлт» әрбір қазақстандық үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді қарастыратын ұлттық жоба. Бұл орайда, басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген тұрғынның бірінші кезекте медициналық қызметті сапалы әрі уақытында алуы маңызды болып тұр. Себебі уақыт өткізіп алмай дұрыс емдеудің талай тағдыр иесін ажалдан арашалап қалып жатады. Бұл жобаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз жемісін беріп келеді дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Ұлттық жоба негізінен жұртты денсаулық сақтау қызметтерімен толық қамтамасыз етуді, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтап, балалар денсаулығын нығайтуды, кадрлық әлеуетті нығайту мен фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту тәрізді бірқатар міндет-мақсаттарды көздейді.
Бұл бастаманың нәтижесі де көзге көрініп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2022 жылы елімізде өлім-жітім 15,5 пайызға азайған. Мемлекет үшін басты байлық адам болған соң, азаматтардың өмір сүру жасының өсе беруі оң нәтиже болары анық. 2023 жылдың 7 айында «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың арқасында ел тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4, қатерлі ісіктерден 8,7, тыныс алу ағзаларының сырқаттарынан 23 пайыз және туберкулез сырқатынан болатын өлім 12 пайызға азайған көрінеді. Мамандардың пайымдауынша халықтың жалпы алғандағы өлім-жітімнің көрсеткіші 15,5 пайызға төмендеген. Осының өзі ұлттық жобаның халықтың денсаулығын сақтау мен сапалық көрсеткішін арттырудағы маңызын айғақтайды.