ТҮРКИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗ ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ

0

Бүгінде медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешу мен қауіпті аурулармен күресуде күш біріктіру мақсатында түрлі халықаралық келісімдер жасалып, осының негізінде бастамалар сәтті жүзеге асып келеді. Мұндай ірі келіссөздерге бұрындары Алматы мен Астанадағы озық үлгідегі клиникалар қол жеткізетін. Дегенмен соңғы уақытта мұндай ірі қалалардың қатарында, медицина дамыған өңірлердің ішінде Түркістан қаласының да аты атала бастады. Қазіргі таңда тарихи қалаға шетелдік ірі клиникалардың дәрігерлері жиі келіп, тәжірибе алмасу оталарын өткізетін болған. Оның ішінде түркі мемлекеттерінің медицинасын дамытуды мақсат еткен «Ата жұрттан ана жұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтқанымыз емес. Осы орайда, бүгінгі материалымызда Түркістан қаласында қолға алынған және сәтті жүзеге асқан медицина жаңалықтарын саралауды жөн санадық.

Түркістан қаласында біраз жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Клиникалық-диагностикалық орталық жемісті жұмыс істеп келеді. Соңғы уақытта дәл осы денсаулық сақтау мекемесіне қатысты жылы пікірлер жиі жазылып жүр. Сондықтан мекемемен байланысқа шығып, атқарылған жұмыстарын сұраған болатынбыз. Айтуларынша, қазіргі уақытта «Ата жұрттан ана жұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркия Республикасынан білікті де, тәжірибесі толысқан мамандар келіп, өз білгендерімен бөлісіп жатыр. Мәселен, жуырда ғана Стамбул университеті және Жеррахпаша медицина факультетінің невропатолог дәрігері, профессор, доктор Харун Жансыз, дәрігер маман Рафет Йылдырым мен ортопед дәрігері, профессор доктор Мехмет Акиф Кайгысыз өз бағдарламалары аясында Клиникалық-диагностикалық орталық дәрігерлерімен бірлесе отырып, бірнеше ота жасаған. Бұл ғана емес, алыстан ат арылтып келгеннен кейін университетке қарасты Клиника-диагностикалық орталығы мен Түркістан телеарнасының бірлескен жобасы – «Шипа» бағдарламасында қонақта болып, еліміздің әр өңірінен түскен түрлі сауалдарға жауап беруді де ұмытпаған. Аталған орталық универсиеттің медицина факультетінде оқитын жастардың тәжірибе алмасатын негізгі орны деуге болады. Яғни шеттен келген білікті мамандардың ақыл-кеңесін факультет студенттері алып, қажетіне жаратып жатады. Сол себепті де «Ата жұрттан ана жұртқа: денсаулық көпірі» жобасымен күнгейге келген невропатолог, профессор, доктор Чигдем Өзкара және нейрохирургия маманы, профессор доктора Мұстафа Узан жастарға және өзге де дәрігерлерге практикалық және теориялық білім берген. Ал 22-24 мамыр аралығында Түркістан қаласы мен оған жақын облыстардан келген неврология, нейрохирургия, радиология және нейропсихология салаларының мамандарының қатысуымен «Эпилепсия мектебі» өтті. Оның бірінші күні Түркияның жетекші эпилепсия мамандары теориялық білім берсе, келесі күндері Түркістан мен жақын маңдағы қалалардан келген диагнозы қойылмаған ауруларға баға берді. Эпилепсия хирургиясына сәйкес келетін науқастарды анықтау және оларды бақылау туралы шешімдер қабылданды.

Бұл бірінші рет жүзеге асып отырған жемісті жұмыс емес. Бұған дейін де Анадолы топырағының талантты дәрігерлері Түркістанға табан тіреп, өз тәжірибелерімен бөліскен еді. Мәселен, өткен жылы аталған елден келген ақ халаттылар, нақтырағы, педиатр-дәрігерлер бүлдіршіндерді қабылдап, арнайы емдеу тәсілдерімен бөліскен. Сонымен қатар церебралды сал ауруы, дауна синдромы, аутизм, тірек-қимыл жүйесі, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды қабылдап, дәрігерлік тексерістен өткізген. Нәтижесінде өңірдегі 40-тан аса бала білікті дәрігерлерден тегін кеңес алған. Ал отоларинголог-дәрігерлер құлақтың іріңді аурулары және мұрын ісіктері диагноздарымен 32 науқасқа күрделі оталар жасап, 3 науқасқа құлақ протездерін салған. Мұндай оталарға жергілікті медициналық мекемелердің дәрігерлері де қатысып, құнды кеңестер мен тәжірибеге ие болған. Айта кетейік, мұндай бастама әлі де жалғасын таба береді.

Біз сөз етіп отырған орталық күрделі оталарды жасауға қажет материалдық-техникалық базамен қамтылып келе жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы Клиника-диагностикалық орталығында өзіндік дербес Оқу-зерттеу және қызмет көрсету зертханасы ашылды. Орталық басшысы мен білікті дәрігерлерден жасақталған ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында клиника заманауи зертханаға ие болды. Қазіргі уақытта оның игілігін емханаға тіркелгендер көріп жатыр. «Аталған зертхана жалпы қан анализі, жалпы зәр анализі, қанның биохимиялық және гормондық талдаулары бойынша нәтижелерді беретін құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, құрамында бір дәрігер-лаборант және бірнеше кіші медициналық қызметкерлермен толыққан зертхана білікті мамандар тарапынан сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта, университет зерттеушілерінің зерттеу жобаларына қажетті қан талдаулары бойынша анализ жасап, нәтижелерін ұсынушы оқу-зерттеу лабораториясы болып, ғалымдарға өз қызметтерін ұсынатын болады» дейді мекеме басшысы. Осының өзі саладағы қызмет сапасының артуына, өңірдегі денсаулық сақтау ісінің ілгерілеуіне мұрындық болып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Жалпы соңғы уақытта бұл орталықтың қызметі жоғары бағаланып жүр. Мәселен, жуырда ғана өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл клиникаға арнайы келген болатын. Жай келген жоқ, мекеме жұмысымен танысты. Таныстыруға университеттің басшылық құрамы мен Клиника-диагностикалық орталық қызметкерлері мен дәрігерлері, Медицина факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Сапар аясында ведомство басшысы орталықтың озық технологиялармен қамтамасыз етілген бөлімдерін аралады. Атап айтқанда, Қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту бөлімі, Микробиология лабораториясы, Адам мофологиясы және физиологиясы кафедрасының жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, университетіміздің Медицина факультетінің студенттеріне арналған мол мүмкіндіктері, клиниканың алдағы уақыттағы жоспарлары мен жаңа жобаларын тыңдап, жоғары бағасын берді. Демек орталық өзі жұмысын мінсіз атқарып келеді.

Қорыта айтқанда, мекеме түрлі халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңына айналып үлгерген. Бұдан студенттердің, жергілікті дәрігерлердің ұтары көп. Қаланың да танымалдығы арта түсері айқын. Өйткені бүгінгі күннің өзінде Түркістанның медицинасын мойындағандардың қатары қалың. Ендеше елдің саулығына бей-жай қарамай, медицинаны дамытып жүрген білікті кадрлар мен ақ халаттылардың адал еңбегіне алғыс айтып, алдағы бастамаларына табыс тілейміз!

 

 

 

 

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ