«НЕДЕГЕН ТЕКСІЗДІК?»: ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА АҢЫЗ АДАМДЫ ОЙЫНҒА АЙНАЛДЫРҒАН ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВТЫҢ ӘЙЕЛІНЕ ШҮЙЛІКТІ

0

Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер Мөлдір Мұқанова Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовадан оңбай сөз естіді. Бұл туралы AlashInfo24 ақпарат агенттігі “Азаттық рухы” порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Отандық «Ел арна» арнасындағы «Қыздар мен жігіттер» бағдарламасында Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанова даңқты батыр бейнесін ойынға айналдырды. Ережегі сәйкес танымал өнер адамдары екі топқа бөлініп, сұрақтарға жауап береді. Қатысушы Бауыржан Момышұлына қатысты сұрақтарға жауап беріп, оның тұлғасын анықтауы керек болған. Алайда әзілкештің жұбайы кейіпкерді таба алмады.

Шоу-бизнес өкілдерінің іс-әрекетін Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатты сынға алып, әруақтан кешірім сұрағанын жеткізді.

Айта кетейік, бағдарламаға өнер өкілдерімен бірге мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та қатысқан еді.

“Тәуелсіздік, еркіндік, сөз бостандығы деп кейбіреулер аузына келгенін айтып, ойына келгенін сөйлеп, бейбастыққа барып жүр. Адамның жаны түршігетін, жан-дүниеңді құлазытатын хабарды жанашыр кісілердің бірі жіберіп отыр. Қазақстанға белгілі Атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл недеген бассыздық, не деген тексіздік?! Әруақпен ойнап, Атаның әруағын таптап, басын жұлып алуға кім оларға мұндай құқық беріп отыр? Арасында бір депутат бар. Ол не үшін ыржыңдап тұр? Халықтың көзі, құлағы, тілі болады деп сенген халық қалаулысының сиқы сол болса, жетіскен екенбіз. «Әй, тәйт» деуге оның шамасы келген жоқ. Анау ыржақайлармен бірге ыржалаңдап тұрды. Ет сасыса, тұз салады, тұз сасыса, не салады демекші, депутаттың сиқы осы болса, одан не үміт, не қайыр?» – деп ашуланды Зейнеп Ахметова.

Сондай-ақ ол осындай бассыздыққа барған арна ұжымын сотқа беруге дайындалып отырғанын айтты.

“Ал енді осы хабарды жасап отырған жап-жас кісілер титтей де болсын, ойланған жоқ па? Құдайдан қалай қорыққан жоқ? Әруақтан қалай сескенген жоқ? Олар үлкенді сыйлауды, әсіресе әруақты сыйлауды үйренген жоқ па? Басынан бастап уызына жарымаған бейшаралар өзінің тарихына өзі түкіріп отыр. Ұлы адамдарды аяққа таптап отыр. Ал бұл жақсылыққа апармайды. Ол құрдасы ма немесе жолдасы ма еді? Басқа адам табылмай қалды ма? Ол сурет бүкіл Қазақстанға белгілі. Алматыға жолы түскен кісілер әдейілеп үйге келіп, суретке тәу етіп, суретке түсіп, ескерткіш ретінде алып кетеді. Бұл – балаларын алып келіп, ертеңгі күні атасының қасында түскенін, сол шаңырақта болғанын көрсету үшін әтуірлейтін сурет. Егер түптеп барар болсақ, сотқа беруге болады. Ол кісі қазақтың ар-намысын ту етіп ұстаған, ұлттық рухтың символы болады. Соны түсінбеген мына жастар ертеңгі күні елге бірнәрсе береді дегенге сенбеймін. Мен оларды тіпті ата-анадан тәрбие көрмеген, тексіз деп ойлаймын. Өзгесі өзге, бақилық болған әруақтарды, оның үстіне бүкіл халық қадірлейтін ұлы тұлғаларын мазақтау ешкімді ешқашан жақсылыққа апармайды. Бір күні болмаса, бір күні омақасып, қабырғалары қаусап түсуі мүмкін. Өсіп келе жатқан бала-шағалары бар. Неге Құдайдан қорықпайды?! Мен бұл істі жай қалдыра алмаймын. Өйткені ұлттың ұлы адамын қорлап отыр. Енді келіп, болашағы алда жап-жас қыз-келіншектер сол Атаның басын ойып, жұлып алып, оған әйелдің басын тығып «мынау кім?» деп соған ыржалақтап күліп отыр? Әруақ ешқашан кешірмейді», – деді ол.

 


ПІКІР ЖАЗУ