МАМАН ДАЯРЛАУ — МАҢЫЗДЫ ІС
Мемлекет үшін медицина саласының маңызы айрықша. Мұны әсіресе әлемді жайлаған пандемиядан кейін айқын ұғып, анық түсіндік. Міне, сол уақытта ғылым мен медицинаға беймәлім болған індеттен қаншама адам өмірден өтті. Қала берді, ауруханалар толып, орын тапшылығы сезілді. Міне, осы кезеңде өз өмірін бәйгеге тігіп, өзгенің саулығы үшін отбасынан жырақта жүріп, емдеу ісіне атсалысқан дәрігерлерге айрықша алғыс айтылды. Жасыратыны жоқ, елімізде дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарына деген сұраныс жоғары.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын «Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады». Жалпы ұлт саулығының сапалық көрсеткішке әсері жоғары. Елімізде бұл бағытта медицина мамандарын даярлау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісіне ерекше көңіл бөлініп келе жатқанынан былайғы жұрт та хабардар. Әйткенмен қоғам үшін маңызды саналатын медицина мамандарын даярлайтын мекемелер мен оқу орындары турасында ақпарат айтыла бермейді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда Түркістан қаласынан орын тепкен іргелі оқу орны турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз. Облыс орталығында орналасқан Түркістан жоғары медицина колледжі қалада ғана емес, өңір мен күллі республикада орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда көп жылдан бері бұқараға қызмет етіп келе жатқан белді де беделді оқу орындарының бірі саналады. Бүгінде білім ордасына алдына сапалы маман даярлау сынды ауқымды міндетті қойып отыр. Қазіргі таңда орта арнаулы оқу орнында денсаулық сақтау саласындағы 6 мамандықтың 8 біліктілігі бойынша 2700-ден астам студент білім алуда. Шәкірттерді ізгілікке тәрбиелеуде, олардың шеберліктерін, біліктіліктерін арттыру мақсатында колледжде 228 оқытушы қызмет етеді. Оның ішінде 3 профессор, 7 ғылым кандидаты, 20 магистр, 50 жоғарғы санатты, 38 бірінші санатты дәрігерлер мен педагогтар дәріс береді. Колледжде 4 «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 6 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді. 2023 жылы мекеме ұжымы 31 педагог-модератор, 11 педагог-сарапшы, 6 педагог-зерттеуші, 6 педагог шебер дәрежесіндегі білікті маманмен толықты. Мекеме өзінің білім беру ісіндегі іргелі оқу орны екенін дәлелдеп келеді. Бұған өткен жылы мемлекеттік аттестациялық комиссияның соңғы 3 жылда атқарылған 22 критерий бойынша жұмыстарын жоғары бағалап, аттестациялағаны дәлел.
Бұл ғана емес, колледж бітірушілерінің кәсіби құзыреттілігі Ұлттық тәуелсіз тестілеу орталығы бағалауының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Мекеме басшысы Ғалымжан Бимурзаевтың айтуынша, республикадағы 92 медициналық колледж арасында Түркістан жоғары медицина колледжі бітірушілерінің білімі мен біліктілігі бойынша ІІ орынды иеленген. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Бүгінде оқу орнының басшылығы оқытушылардың білімі мен біліктілігін арттыру ісіне айрықша көңіл бөліп отыр. Мәселен, өткен 2023 жылы мекеме әкімшілігі 62 арнайы оқытушылары мен жалпы білім беру пәндерінің 41 оқытушысын Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы педагогикалық шеберлік орталығынан және «Талап» КЕАҚ тарапынан «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткізген. Мекеменің материалдық-техникалық базасы барша заманауи талаптарға жауап береді. Мекеме ұсынған деректерге сүйенсек, білім алушылар үшін соңғы үлгіде жабдықталған, озық технологиялармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері даярланған. Колледжде 5 қабатты оқу ғимараты, 4 қабатты жатақхана, 105 оқу лабораториясы мен пән бөлмесі, 10 дәріс залы, спорт кешені, бассейн, кітапхана, 3 оқу залы, 5 компьютер класы, 20 интерактивті тақтамен жабдықталған дәріс бөлмесі, «ЛАМАЗ» мектебі, клиникаға дейінгі бөлмелер, қалыпты және патологиялық анатомия мұражайы, фитобар, фитоогород, оқу дәріханасы, стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Колледжде дәріс барысында соңғы үлгідегі ақпараттық және инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 2009 және 2011 жылдары қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түрлі номинациялар сайысының қорытындысы бойынша Түркістан медицина колледжі «Жылдың ең үздік колледжі» номинациясына ие болған. Колледжде оқу-ақпарат орталығы нәтижелі қызмет етеді. Электронды оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталып, интернет жүйесіне қосылған. Білім алушыларды ғылыми зерттеулерге ынталандыру, олардың кәсіптік іскерліктерін дамыту, кәсіптік білімдері мен дағдыларын тәжірибеде қолдануға жағдай жасау, дарынды білім алушыларға қолдау көрсету мақсатында 54 пән үйірмелері ашылған. Барлық үйірмелер жыл сайын бір тақырыптағы өзекті мәселе аясында зерттеулер жүргізеді. Бұл ғана емес, жыл өткен сайын оқу кабинеттері мен материалдық-техникалық базаның ескіріп кететіні белгілі. Колледж басшылығы осы ескеріп, жаңғырту жұмыстарын ұдайы жүргізіп келе жатыр. Мәселен, өткен жылы заманауи материалдық-техникалық база, цифрлық инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Жаңа дизайндағы, соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған конференц-зал, оқу-әдістемелік орталығы, кітапхана мен оқу залы пайдалануға берілді. 3Д форматтағы науқастың клиникасын анықтайтын ақпараттық-бағдарламалық кешен сатып алынып, оқу процесіне қолдануға берілді. Студенттердің білімін бағалау мақсатында клиникалық емхана орталығы жаңа бейнежазба жүйесімен, бағалаудың жаңа компьютерлік бағдарламалық жүйесімен қамтамасыз етілді. Колледж фойесі де күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа дизайнда қайта жабдықталды. Оқу орны қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойған, қойып келеді де. Мәселен, былтыр мекеме аумағындағы қауіпсіздік үшін қосымша 12 бейнекамера орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан жоғары медицина колледжінде білім алушылардың білім алу және жеке мансаптық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында барлық жағдайлар жасалып келе жатыр.Сонымен қатар, қазіргі уақытта 300 студентке арналған жатақхана қызмет етеді. Жатақханадағы демалыс бөлмесі, оқу залы теледидармен, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Автоматты кір жуу машинасы, ет тағамдарын сақтау үшін тоңазытқыштар студенттердің тұрмыстық жағдайын жеңілдетуде. Жатақханының аймағы көгалдандырылып, студенттер аллеясы студенттердің демалыс орнына айналған. Колледжде 80 орындық асхана бар. Медициналық қызмет көрсетуге арналған медпункт жұмыс істейді. Онда қабылдау бөлмесі, изолятор, процедуралық бөлме ашылған. Салтанатты іс-шаралар өткізуге 150 орындық АКТ-залы, 60 орындық конференцзал жұмыс істеп тұр. Кітапхана студент жастарға заман талабына сай білімінің, ғылыми, мәдени дамудың жетістіктерін насихаттауда өз үлесін қосуда. Кітапханада абономент, оқу залы және мерзімді басылымдар бөлімі қызмет көрсетеді. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, кітапхана қорларын қазақ тіліндегі оқулықтармен толықтыра түсуі үшін колледж әкімшілігі тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда кітапхана қорында 70 мыңнан астам кітап бар. 70 орындық оқу залында және мерзімді басылымдар бөлмесінде студенттер өздеріне қажетті ғылыми, көркем және анықтамалық әдебиеттерді кеңінен қолдана отырып реферат, конспект жасауға кеңес алады. Кітапханада кітап қорын насихаттау, тақырыптық көрмелер, конференция, диспут, кездесу, кештер өткізіліп тұрады. Конференц-зал 20 студиялық микрофон, 20 «ASUS» планшеттер, LOTOS мультимедиалық трибуна және енді экранды теледидармен жабдықталған. Көркем өнерпаз студенттердің шығармашылығын дамыту мақсатында би, драмалық, домбырашылар үйірмесі, студенттік хор, КТК, «Флористика» клубы, АРТ-терапия үйірмесі ұйымдастырылған. Колледждің өзінің Стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Орталықтың медициналық қызмет етуіне арнайы лицензия берілген. Орталықтағы 2 терапиялық, 2 хирургиялық бөлім, стерилизациялық рентген, физио бөлмелері, зертхана, тіс зертханасы, регистратура, санитарлық бөлме, гардероб соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Колледждің спорт кешені 872,8 шаршы метрді құрайды. Ол спорт залы, жазғы спорт алаңы, бассейннен тұрады. Үстел теннисіне арналған арнайы бөлме бар. 7 спорт секциясының жұмысы түрлі тренажерлар, орындықтар, доп, гантель, шашка, шахмат спорт киімінің комплекттерімен жабдықталған. Спорт кешенінде душ бөлмелері, киім ауыстыратын, оқу бөлмелері қарастырылған. Білім алушылардың кәсіподақ комитеті кәмелет жасына толмаған жартылай жетім, тұл жетімдер, мүгедектерге және балалары бар жас отбасылы білім алушыларға материалдық көмек көрсетуге, жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуға қаражат бөледі. Тұл жетім білім алушылар топ кураторы мен колледж психологының қамқорлығында. Оларға арналған жоспар бойынша психологиялық тренингтер, қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Дуалды оқытудың басты қадамы ретінде колледжде 5 симуляциялық орталық пен жекеленген стоматологиялық емхана қызмет етеді. Колледж студенттерінің білім деңгейі мен практикалық дағдыларын бағалау симуляциялық орталықта клиницист-дәрігерлер мен аға медбикелердің қатысуымен жүргізіледі. Симуляциялық орталық заманауи соңғы үлгідегі оқу құралдарымен кең қамтылған. Атап айтқанда, клиникалық дағдылар бойынша ең қарапайым тренажердан күрделі командалық симуляциялық интерактивті бағдарламалық муляждарға дейін бар. Симуляциялық орталық колледж студенттерінің тәжірибелік дағдылар кешенді орталығының құрамына кіреді. «On line» жүйесі арқылы бір топ бір уақытта оқытылады және «On line» емтиханы қабылданады.