ВИЦЕ-МИНИСТР КЛИНИКА-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

0

Осы аптада Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген болатын. Міне, осы жұмыс сапары барысында вице-министр қаладағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен, мекемелердің жетістіктерімен һәм материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен жақыннан танысты. Ол қатарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне де табан тіреп, маман даярлау ісімен жақыннан танысты.

Толығырақ тарқатар болсақ, Денсаулық сақтау вице министрі Тимур Сұлтанғазиев және Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев бастаған денсаулық сақтау саласының жетекші мамандарынан құралған делегация Клиника-диагностикалық орталығының және Медицина факультетінің жұмысымен танысты. Келген қонақтарды оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова мен Айнаш Ошибаева бастаған клиника мен факультет ұжымы қарсы алды. Делегация, ең алдымен, Клиника-диагностикалық орталығын аралап, емделушілерге жасалған жағдай және де соңғы үлгідегі заманауи құрал жабдықтарды көрді. Онда оқу орнының басшысы Жанар Темірбекова мен Клиника-диагностикалық орталықтың бас дәрігері Мехмет Зия Генчер делегацияға медициналық орталықтың алдағы бастамалары мен жұмыс жоспарын кеңінен таныстырды. Баяндау барысында қызметкерлердің тәжірибе алмасу мақсатында еліміздегі және Түркиядағы медицина мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, университет клиникасы – медицина бағыты бойынша білім алатын студенттердің практикалық базасы екенін атап өтті. Бұдан әрі денсаулық сақтау вице министрі Медицина факультетінде орналасқан «Микробиология» лабораториясына барды. Бұл лабораторияда микроорганизмді зерттеуге және оны оқу процессінде пайдалануға қажетті барлық құралдар бар. Жұмыс сапары соңында Тимур Сұлтанғазиев оқу орнының денсаулық сақтау саласын дамыту үшін істеп жатқан жұмысына оң бағасын берді. Жеке клиникасы бар оқу орнының жоғары деңгейде қызмет жасап, маман даярлауда үлкен үлес қосып жатқанын айтып, ұжымға сәттілік тіледі.

Айта кету керек, қазіргі уақытта медицина саласының дамуына түрткі болатын ең маңызды бастаманың бірі – кадр даярлау. Бүгінде бұл міндетті елімізде бірнеше оқу орны жүзеге асырып келе жатыр. Оның ішінде біздің тақырыпқа арқау болып отырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де бар. Бүгінде аталған оқу орнында стоматология және медицина факультеттері жұмыс істейді. Онда ондаған студент медицина саласын меңгеріп жатыр. Оқу орнының бір артықшылығы – студенттерге теориялық білімді практикада ұштауға мүмкіндік беретін Клиника-диагностикалық орталық жұмыс істеп жатыр. Оған Түркия мемлекетінің білікті мамандары жиі келіп, тәжірибе алмасып тұрады. Нәтижесінде Түркістанда бұрын соңды жасалмаған күрделі оталар алғаш рет жасалып, сәтті шығып жатыр. Осыдан болса керек, биыл жергілікті бюджет есебінен медицина мамандарына деген сұранысты азайту мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне медицина бойынша 15 грант бөлінді. Бұл грантқа ие болған жастар мамандықты меңгеріп шыққаннан кейін Түркістан өңірінде 5 жыл жұмыс істеп, бөлінген қаражатты ақтайды. Бір ескеретінін жайт, аталған гранттарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, «Алтын белгі» иегерлеріне гранттар үлестірілді.

Мұның баршасы неліктен қолға алынып отыр? Өйткені күнгейде 250 медицина маманына деген тапшылық айқын байқалып отыр. Оны ішінара тарқатар болсақ, акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша мамандар жетіспейді. Сондықтан да мұны жергілікті бюджет есебінен гранттар бөлу арқылы шешу көзделіп отыр. Ал маман даярлау ісінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жөні бөлек. Оқу орны заманауи құрал-жабдықтармен, материалдық-техникалық базамен жасақталған. Мұның өзі сапалы кадр даярлауға септігін тигізеді.


ПІКІР ЖАЗУ