ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Төтенше жағдайлар мен қысқы жол тазалау жұмыстары қыс мезгілінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өте маңызды рөл атқарады. Қар, көктайғақ, боран сияқты табиғи жағдайлар көлік қозғалысын қиындатып, төтенше жағдайларды тудыруы мүмкін, сондықтан бұл жұмыстар үнемі және сапалы жүргізілуі қажет. Төтенше жағдайлар — бұл ауа райы немесе басқа да жағдайларға байланысты туындайтын оқиғалар. Мәселен, боран мен қарлы бұрқасындар жолдың көрінуін нашарлатып, көлік қозғалысын тоқтатуға немесе шектеуге мәжбүр етуі мүмкін. Жол бетіне мұз қатып, қозғалыс қауіпті болады. Мұндай жағдайларда көлік апаттарының саны артуы мүмкін. Қысқы кезеңде жолдарды қар мен мұздан тазалау — төтенше жағдайлардың алдын алудың негізгі шараларының бірі болып табылады. Жолдарды қардан тазалау үшін арнайы техника қолданылады. Бұл жұмыстарды ертерек бастау жолдың ашық болуын қамтамасыз етеді.Тұз, құм және химиялық заттар сияқты материалдар жол бетіне себіледі, бұл мұздың түзілуіне жол бермейді және жолдың доңғалақтарды ұстау көрсеткішін арттырады. Қажет болған жағдайда, полиция немесе төтенше жағдайлар қызметі жолдарды жауып, қозғалысты қауіпсіздік мақсатында шектейді.
Жолға шығар алдында ауа райының болжамын қарап, боран немесе көктайғақ болу мүмкіндігі туралы ақпаратты біліңіз.Автокөлігіңізде міндетті түрде қар күрейтін құрал, трос, алғашқы көмек жиынтығы сияқты қажетті заттар болуы керек. Қысқы мезгілде жылдамдықты азайтып, жол ережелерін қатаң ұстану керек. Қысқы жол тазалау жұмыстары мен төтенше жағдайлардан қорғау шаралары — бұл тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, барлық жол пайдаланушыларының ортақ жауапкершілігі. Барлық тараптар сақтық шараларын ұстанса, қыс мезгілінде жолда қауіпсіздік деңгейі жоғары болады. Осы орайда, еліміздің барлық аймағында қысқы маусымға дайындық жұмыстары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Мәселен, Түркістан қаласы жолдарының ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы орталықтағы бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар. Биыл жыл басынан бері асфальтты жолдар көлемі 41,7 км артқан. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқа дайындық жұмыстары бойынша орталықтарды аралап, техникалардың қолжетімділігімен танысты. Қазіргі таңда, коммуналдық жұмыстарға жауапты «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС және «Түркістан Су» МКК мен «SK Geokard» ЖШС мекемелері тарапынан 12 КДМ, 18 трактор әзірленген. Сондай-ақ, қосыша инфрақұрылым, құрылыс, жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ, «Жол Қызметі» тарапынан – 10 жүк тиегіш, 22 камаз техникалары дайын. Кәсіпорындар тарапынан маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 52 арнайы техника, 420 жұмысшы жұмылдырылмақ. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 310 тонна құм және 190 тонна тұз әзірленді. Магистральды көшелерді қардан тазалау ІІІ бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағытта- 10 көше – 55,4 шқ: қала сыртындағы айналма жол, Саттарханов, Әкімшілік іскерлік орталық, Байбұрт көшесі, Әмір-Темір көшесі, Қожанов көшесі, Тәуке хан көшесі, Ерубаев көшесі, Тыныштықұлов көшесі, Қызылорда айналма жолы, Әуежай т/ж. Екінші бағытта- 9 көше – 34,8 шқ: Қазбек-би көшесі, Шекті тілеу көшесі, Алматы көшесі, Майкотов көшесі, Жандосов көшесі, Жангелдин көшесі, Майлин көшес, Кененсары хан көшесі, Жарылқапов көшесі. Үшінші бағытта- 6 көше-14,6 шқ: Кентау тас жолы, Яссы көшесі, Тараз көшесі, Қожабаев көшесі, Жібек жолы көшесі, Отырар мөлтек ауданы. Сондай-ақ, қосымша 31 көше мен 5 саябақ, ӘІО аумағы, Рухани-мәдени Орталық аумағы, Б.Саттарханов бойындағы желілік саябақтар реттілігімен тазаланады. Айта кету керек, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов алдын алу жұмыстары туралы айтты, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады. ТЖМ мәліметінше, биыл қазан айының басынан бері тұрғын үй секторында орын алған 650-ден астам өрт тіркелген. Негізгі себептердің бірі – жылу жүйелері мен электр құрылғыларын пайдалану ережелерінің бұзылуы. Шыңғыс Әрінов өңірлер бойынша Қостанай, Қызылорда және Абай облыстарында өрттің көбейіп отырғанын баяндады. Премьер-министр профилактикалық жұмысты күшейту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажеттігіне назар аударды. «Жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алады. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауІпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Әкімдіктерге ТЖМ — мен бірлесіп тұрғын үй секторында барлық жерде өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді. Премьер-министр халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін газ датчиктерімен қамтамасыз ету міндетін қойды. Мұндай үйлер есепке алынып, олар ерекше бақылау аймағында болуы тиіс. Әсіресе Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз жүргізілуде – 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Олжас Бектенов жұмысты күшейтуді тапсырды. Жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесін шешу қажеттігі атап өтілді. Олжас Бектенов әкімдіктерге жүктелген газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтынына назар аударды. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Премьер-министр өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-министр халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктер бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандыру тапсырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдар тарату мәселелерін пысықтау тапсырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі алдына жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.