МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА ҚАЛАЙ ӨСТІ?

0
Оқу-ағарту министрлігі соңғы бес жылда елдегі педагогтердің жалақысы қалай өскені туралы ресми мәліметті жариялады. Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Олардың 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемақы алады.

«2020 жылдан бастап президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35% көлемінде үстемеақы қосылды», — деп жазылған хабарламада.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін қосымша төлемдер қарастырылды.
Осылайша түрлі санаттардың болуына байланысты педагогтерге мынандай үстемеақы төленеді:

Педагог-шебер – 50%;

Педагог-зерттеуші – 40%;

Педагог-сарапшы – 35%;

Педагог-модератор – 30%.

Жалпы соңғы жылдары ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құрады. Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады», — делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құрады. Марапатталушылардың арасында Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.

ПІКІР ЖАЗУ