120 ТОННАЛЫҚ ВАГОНДАРДЫ СҮЙРЕГЕН ШЫМКЕНТТІК РЕКОРД ОРНАТТЫ

0

Алып күш иесі Артық Досалиев бұл ерлігін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнады.

Шымкент қаласында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға болды. 52 жастағы Артық Досалиев жалпы салмағы 120 тонна болатын бес теміржол вагонын орнынан қозғап, 21 метр 40 сантиметр қашықтыққа сүйреді. Ерекше өткен сынаққа ондаған көрермен куә болды. Ал Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері бұл көрсеткішті ресми түрде тіркеді.

Рекорд тіркелмес бұрын сарапшылар барлық техникалық параметрлерді мұқият тексеріп шықты – рельстердің көлемі, нақты салмағы мен өлшенген қашықтық арнайы құрылғылармен расталды.

— Рельстер – көлденең, қашықтық рулеткамен өлшенді, салмақ толықтай расталды. Мұнда болғандардың бәрі – оқиғаның куәгері болды. Бұл – таза рекорд. Қазақстанда мұндай жағдай бұрын-соңды тіркелмеген. Бұл әлемдік жетістік деп санала ма? Әзірге айту ерте – халықаралық аналогтармен салыстыру қажет, — деді Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Тастүлеков.

Артық Досалиев бұл күнге дейін бірнеше ай бойы тынымсыз жаттығып, қатаң тәртіппен және мықты дайындықпен келгенін атап өтті. Өз рекордын ол Жеңістің 80 жылдығына, қаһарман ата-бабаларымызға және ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған жандарға арнады.

— Бұл менің соңғы рекордым емес. Келесі жылы Жеңіс күніне орай 6, 10 — тіпті, 20 вагон тартуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар Boeing ұшағын қозғау, Ақтауға барып, танкер тарту – болашақтағы мақсаттарымның бірі, — деді спортшы.

Артық Досалиев – күш спорты әлемінде есімі кең танылған тұлға. Ол – пауэрлифтингтен спорт шебері, бес дүркін әлем чемпионы, екі мәрте Еуропа чемпионы және Азия чемпионаттарының сегіз мәрте жүлдегері.

 


ПІКІР ЖАЗУ