АГРАРЛЫҚ САЛА АЛҒА БАСЫП КЕЛЕДІ

0

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы шаһар аумағында 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, 7 мың гектарға дәнді дақылдар, 3,3 мың гектарға майлы дақылдар, 10,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар отырғызылса, көкөніс пен бақша өнімдері 1,7 мың гектар жерге егілді. Картоп өсіруге 100 гектар жер бөлінді. Жыл соңына дейін барлығы 81 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.

Мемлекет шаруаларды қолдауды жалғастырып келеді. Биыл шаруашылықтарға 919 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 616 тоннасы көктемгі егін егуге, 303 тоннасы күзгі егін жинауға арналған. Шаруаларға дизель отыны литріне 250 теңгеден ұсынылуда. Бұл қадам егіс науқанын табысты өткізуге зор мүмкіндік беріп отыр.

Жылыжай шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік қолдау арқылы жылыжайлар саны артып, жергілікті халық жыл бойы жаңа піскен өніммен қамтамасыз етілуде. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы бұйрығына сәйкес, өнеркәсіптік жылыжайларға гектарына 8,1 миллион теңгеден астам, фермерлік жылыжайларға 4,8 миллион теңгеден аса субсидия төленуде. Бұл қолдау биыл да жалғасады.

Ауыл шаруашылығына шетелдік инвестиция тарту бағытында да ілгерілеу байқалады. Түркиялық «Alarko Holding» компаниясы Шымкентте 500 гектар аумақта заманауи жылыжай кешенін салуда. Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ірі жоба толық іске қосылғанда 2 мың адамды жұмыспен қамтып, жылына 51 мың тонна өнім өндіруі жоспарлануда.

Сонымен қатар, қалада Бозарық арнайы индустриалды аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және дайын өнім шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл – қала экономикасының агроөнеркәсіптік секторын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.

Мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 73,1 мың ірі қара, 93 мың уақ мал, 18 мың жылқы және 288,7 мың құс тіркелген. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 1,6 мың тонна ет, 6,8 мың тонна сүт және 895,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жыл соңына дейін 7,6 мың тонна ет, 66,5 мың тонна сүт және 173,5 миллион дана жұмыртқа өндіру көзделуде.

Осылайша, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығының барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыс атқарып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикалық өсімді арттыруға үлес қосып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ