ТҮРКІСТАНДА 32 ГЕКТАР АУМАҚТА ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында ірі жобалардың бірі саналатын жаңа қалалық саябақтың құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан саябақ аумағында жасанды көл, демалыс нысандары мен көрікті орындар қамтылатын болады.
Жоба қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы демалыс аймағын ұсынуға бағытталған. Саябақтың жалпы аумағы 32 гектарды құрап, дәл ортасында көлемді жасанды көл орналасады. Сонымен қатар, саябақ инфрақұрылымында жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер, субұрқақтар, сарқырамалар, шолу алаңдары, заманауи қоғамдық тамақтану орындары, архитектуралық аркалар және демалысқа арналған арнайы орындықтар көзделген.
Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс барысын арнайы бақылап, мердігер мекеме өкілдері және сала мамандарымен кездесті. Кездесу барысында анықталған кейбір кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.
Құрылыс бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда негізгі құрылымдар бой көтеріп, соңғы әрлеу жұмыстары атқарылуда. Саябақтың толық ашылуы 2025 жылға жоспарланып отыр. Жаңа демалыс орны жақын арада қала тұрғындары үшін есігін айқара ашпақ.