ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ: 15 ТОННА ҚОҚЫС ЖИНАЛДЫ

0

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала аумағын көркейту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткізілген шараға түрлі сала қызметкерлері мен қала тұрғындары белсенді түрде қатысты.

Тазалық жұмыстарына Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері жұмылдырылды. Барлығы 800-ге жуық тұрғын сенбілікке қатысып, туған қаласының тазалығына өз үлесін қосты. Жұмыстарды тиімді жүргізу үшін 15 арнайы техника тартылды. Сенбілік барысында экологиялық жағынан маңызды 18 учаске қамтылды. Атап айтқанда, Водоканал маңы, Б.Майлин көшесі, Қалалық балалар ауруханасының аумағы, 160-квартал және Бекзат секторы сияқты нысандарда тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алдын ала белгіленген аумақтарда шөп шабу, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, тұрмыстық және табиғи қалдықтарды жинау сияқты жұмыстар жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 15 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.

Сонымен қатар, А.Жангелдин, Б.Майлин және С.Жандосов көшелерінде де санитарлық тазалау және абаттандыру іс-шаралары ұйымдастырылды. Түркістан қаласы әкімдігі қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты әрі жүйелі түрде жалғастырмақ.


ПІКІР ЖАЗУ