ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП, ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІН ЕСКЕРЕТІН БИЛІК ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен кездесуді жалғастырып келеді. Бүгінгі кезекті кездесу Яссы және Бірлік секторларында өтті. Мұндай форматтағы жүздесулер тұрғындармен кері байланыс орнатуға, өзекті мәселелерді нақты алаңдарда талқылауға мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі алғашқы кездесу Яссы секторында өтті. Мұнда шаһар басшысы 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасап, халыққа нақты жобалармен таныстырды. Кездесу барысында кәріз жүйелерінің жай-күйі, жол сапасы, көше жарықтандыруы, қоғамдық көлік қатынасы және интернеттің қолжетімділігі секілді мәселелер көтерілді. Қала әкімі тұрғындардың сауалдарына заң аясында толыққанды жауап беріп, бірқатар мәселені сол сәтте шешіп берді. Қалған мәселелер тиісті сала басшыларына хаттама арқылы тапсырылды. Жалпы, Яссы секторы тұрғындары 20 түрлі мәселе көтеріп, оның ішінде 7-еуі бірден шешімін тапты. Қалған 13 мәселе бойынша тұрғындарға заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Күннің екінші жартысында әкім Бірлік секторының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде де 2024–2025 жылдарға жоспарланған және іске асырылып жатқан жұмыстар барысы таныстырылды. Жергілікті тұрғындар тарапынан негізінен инфрақұрылым жүйелерін дамыту, жол сапасы және қоғамдық қызметтердің қолжетімділігі сынды маңызды мәселелер қозғалды. Бұған дейінгі кездесулерде Бірлік секторы бойынша 21 мәселе тіркелген болатын. Бүгінгі таңда олардың 12-сі шешімін тапса, 9 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бірлік секторында инфрақұрылым саласында бірқатар нақты жобалар қолға алынған. Ауыз су, кәріз, электр және газбен қамту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, электр желілерін жаңғырту мақсатында 2 704 абонентті қамтитын жоба аясында 14 трансформатор орнатылуда. Бұл жобаның құрылыс жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Электрмен қамту деңгейінің артуы — тек тұрмыстық жайлылықты ғана емес, кәсіпкерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын да қамтамасыз ететіні анық. Газдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 1 500 абонентті қамтитын қосымша жоба дайындалып жатыр, оның 326-сы Бірлік секторынан. Бұл бастама жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етпек. Бірлік секторындағы тағы бір маңызды сала — көше жолдары мен жарықтандыру жұмыстары. Жалпы ұзындығы 141,7 шақырымды құрайтын 179 көшенің 96%-ы қазіргі таңда жарықпен қамтылған. Қалған 4%-ы бойынша жұмыстар биылғы жылдың тамыз айына дейін толық аяқталуы жоспарланған. Жол инфрақұрылымын жақсарту қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін аса маңызды. Сонымен қатар, жақсы жол – бұл экономикалық қатынастың да қозғаушысы.
Кездесулер соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен қалалық тазалықты бірлесе сақтауға шақырды. Тұрғындардың әр ұсынысы, шағымы, идеясы назардан тыс қалмай, арнайы хаттамаға енгізілді. Барлық сұрақтар тиісті салалық бөлімдерге нақты тапсырма ретінде жолданды. Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының дамуы тек әкімдік жұмысына емес, тұрғындардың белсенділігіне де тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті. «Бірлесе атқарылған жұмыс – баянды нәтиженің кепілі» деген ұстанымды алға тартқан шаһар басшысы өз сөзін халықпен ашық әрі жүйелі диалог арқылы ғана өркениетті қала қалыптасатынын жеткізумен түйіндеді. Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізуі – ашықтық пен есеп берудің үлгісі. Яссы және Бірлік секторы мысалында байқалғандай, инфрақұрылымнан бастап, әлеуметтік салаға дейінгі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл – тек әкімдік жұмысының ғана емес, тұрғындардың белсенді араласуының нәтижесі. Түркістан – дамып келе жатқан қала, ал оның болашағы – халық пен биліктің бірлігінде.